Астанада әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған Халықаралық әлеуметтік кәсіпкерлер саммиті өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысып, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, оның мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ мемлекет тарапынан ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға көрсетілетін көмекті арттыру мәселелерін талқылады.
Саммит жұмысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атынан вице-министр Эльдар Күзенбаев қатысты. Форумның ашылуында ол мемлекеттік әлеуметтік саясат азаматтарға тең мүмкіндік жасауға, өмір сапасын арттыруға, адамдардың экономикалық және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау бағытында дамып келе жатқанын атап өтті.
Министрлік үшін басты назарда – адам. Оның әлеуметтік қорғалуы, қажетті қызметтерді алуы, білім алып, жұмысқа орналасуы және тұрақты табыс табуы маңызды. Осыған байланысты министрлік әлеуметтік төлемдермен қатар, азаматтардың өз мүмкіндіктерін пайдаланып, өз бетінше өмір сүруіне жағдай жасауға да көңіл бөледі.
«Біздің міндетіміз адамға тек төлем берумен шектелмей, оны оқуға, жұмысқа орналасуға және тұрақты табысқа қол жеткізуге дейін қолдау көрсету. Біз атаулы қолдауды күшейтіп, еңбек қатынастарын ресми рәсімдеуді ынталандырып, еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды дамытып келеміз», – деді Эльдар Күзенбаев.
2026 жылы әлеуметтік салаға шамамен 6,8 трлн теңге қарастырылған. Бұл республикалық бюджет шығыстарының төрттен біріне жуық. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен 6,7 млн-ға жуық адам қамтылған.
Мүгедектігі бар азаматтар мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтары үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ерекше мән беріледі. Бүгінде Қазақстанда 756 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар. Оның шамамен 410 мыңы еңбекке қабілетті жаста, ал 112 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Азаматтардың еңбек етуіне және қоғамға белсенді араласуына жағдай жасауда әлеуметтік кәсіпкерліктің рөлі зор. Қазір отандық әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде 1,8 мыңға жуық субъект тіркелген. Оларда 16 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/1290558?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау