«Индустриальная Караганда» мен Ortalyq Qazaqstan — бір тарих: қос басылымға 95 жыл

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 11 қыркүйекте, «Индустриальная Караганда» газетінің жарық көргеніне 95 жыл толып отыр.

Ал араға бір айға жуық уақыт салып, 4 қазанда Ortalyq Qazaqstan басылымы да 95 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ғасырға жуық уақыт бойы қос газет өңірдің тыныс-тіршілігін, оның жетістіктері мен түйткілдерін, ең бастысы, осы өлкенің тарихын жасаған адамдардың тағдырын тасқа басқандай хаттап келеді.

Қарағанды қаласының Н. В. Гоголь атындағы кітапхана қорынан

Газеттің алғашқы саны 1931 жылғы 11 қыркүйекте «Большевистская кочегарка» атауымен жарық көрді. Алғашқы таралымы бес мың дана болды, басылым аптасына екі рет шығып тұрды. Ол кезде газеттің жеке редакциясы болған жоқ. Алғашқы нөмірлер бірінші шахтаның эстакадасы маңындағы тұйық жолда тұрған теміржол вагонында әзірленді. Басылымның тұңғыш редакторы Николай Николаев болды.

1932–1935 жылдары газет «Карагандинская коммуна» атауымен жарық көрді. Оның беттерінде кеншілердің еңбек жетістіктері, өндіріс озаттары мен көмірлі өлкенің тыныс-тіршілігі кеңінен баяндалды. Газет жарияланымдары арқылы кейіннен өңір тарихында өзіндік із қалдырған Түсіп Күзембаев, Қалық Байтуғанов, Аппаз Топаев сынды азаматтардың есімі елге кеңінен таныла түсті.

«Индустриальная Караганда» газетінің мұрағатынан

1936 жылы Қарағанды облысы құрылғаннан кейін басылымның атауы өзгеріп, «Социалистическая Караганда» болып аталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында редакция жұмысы бұрынғыдан да қауырт жүрді. Газетпен қатар күн сайын Совинформбюро материалдары негізінде «Последние известия» атты ақпараттық парақшалар шығарылып отырды.

1963 жылғы 1 мамырда басылым «Индустриальная Караганда» деген атауға ие болды.

Содан бергі ондаған жыл ішінде «Индустриалка» өңір өміріндегі талай тарихи кезеңнің куәсі болып, заман өзгерісін айна-қатесіз бейнелеген шежірелі басылымға айналды. Бүгінде газет уақыт талабына сай түрленіп, оқырманымен бірге жаңғырып келеді.

— Бүгінде «Индустриалка» жай ғана баспа басылымы емес, өзіндік интерактивті конгломерат. Оның құрамына газеттің өзі, республикадағы үздік жиырма интернет-ресурстың қатарына кіретін сайты және әлеуметтік желідегі парақшалары енеді. Басты міндетіміз — ақпаратты оқырманға, яғни ақпарат тұтынушысына жеткізу, — дейді газеттің бас редакторы Станислав Песнев. — «Индустриальная Караганданы» елімізде ғана емес, шетелде де оқитынына қуаныштымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев классикалық бұқаралық ақпарат құралдарының дәуірі аяқталды деуге әлі ерте екенін атап өткен еді. Өйткені дәстүрлі БАҚ жаңа заман талабына сай табысты түрде дамып, өзінің маңызды рөлін сақтап келеді және цифрлық дәуірде де маңызын жоғалтпайды.

1981 жылы, өзінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында, «Индустриальная Караганда» қоғамдық және ақпараттық өмірдегі елеулі еңбегінің мойындалуы ретінде жоғары мемлекеттік марапат — Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды.

Алда тағы бір айтулы мерейтой тұр. 4 қазанда Ortalyq Qazaqstan газетінің де жарық көргеніне 95 жыл толады. Оның алғашқы саны да 1931 жылы жарық көріп, ол кезде басылым «Қарағанды пролетариаты» деп аталған. Газеттің алғашқы редакторы Хамит Садықов болды. 1938 жылы басылым «Советтік Караганды» атауын иеленсе, 1963 жылғы 1 мамырдан бастап қазіргі Ortalyq Qazaqstan атауымен жарық көріп келеді.

«Индустриальная Караганда» секілді Ortalyq Qazaqstan да өңірмен бірге оның тарихындағы барша белесті кезеңдерден өтті. Газет беттерінен қоғамдық өмірдің тынысы, өнеркәсіп пен мәдениеттің өркендеуі, елге еңбегі сіңген жерлестердің жетістігі көрініс тапты. Басылым талай танымал қаламгер мен ақынның шығармашылығына жол ашқан тағылымды мектепке айналып, қазақ тілін, ұлттық болмыс пен әдеби дәстүрді сақтауға және дамытуға өзіндік үлес қосты.

Тоқсан бес жыл ішінде қос басылым оқиғаларды жай ғана тіркеп отырған жоқ. Олар уақыт пен қоғамның шежіресін жасап, ел тарихында із қалдырған адамдардың есімін ұлықтап, өткеннің өнегесін бүгінге жеткізді.

«Индустриальная Караганда» газетінің 95 жылдық мерейтойына орай арнайы мерекелік нөмір мен жинақ жарық көреді. Ал кейін қос басылым мерейтойларын бірге атап өтуді жоспарлап отыр. Осыған орай журналистер конференциясы мен форумын өткізу көзделген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1290002?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version