Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, ауданның алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын атап өтті.
Күршім ауданының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Аудан экономикасының негізгі тіректері ретінде ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, шағын және орта бизнес, сондай-ақ туризм айқындалды.
Ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға өсті. Ауданда 700-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Мал шаруашылығы да дамып келеді. Бүгінде 45,4 мың бас ірі қара, 106,6 мың қой мен ешкі және 28 мыңға жуық жылқы бар. Жеті айда шаруашылықтардың барлық санаттарында 3,8 мың тонна ет өндіріліп, бұл облыстық көлемнің 4,4%-ын құрады.
Облыс әкімі «жемшөп базасы – мал шаруашылығы – қайта өңдеу – өткізу» қағидаты бойынша толық өндірістік тізбекті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл қосылған құнды ауданның өзінде қалыптастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты аудан әкіміне, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жергілікті шикізат көлемін, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын пайдалану деңгейін арттыру және өнім өткізу арналарын кеңейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Туризм саласын дамыту да маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда ауданда жалпы сыйымдылығы шамамен 180 орын болатын алты туристік орналастыру нысаны тіркелген. Күршімнің экологиялық және рекреациялық туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Аудан аумағында Қиын-Керіш шатқалы, Шекелмес мүйісі, Бұқтырма су қоймасы мен Зайсан көлінің жағалауы сияқты бірегей табиғи нысандар орналасқан.
Қиын-Керіш аумағында туристік территорияны абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, демалысқа арналған беседкалар мен ақпараттық көрсеткіштер орнатылды. Облыс әкімі аталған аумақты одан әрі кешенді дамыту, қажетті инфрақұрылым қалыптастыру және келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін инвестор тарту мәселесін пысықтауды тапсырды.
Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға да баса назар аударылуда. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл ауданда көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 15 бірқабатты үй, яғни 30 пәтер салу жоспарланған. Нұрымбет Сақтағанов тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, ауданда тұрғын үй құрылысының көлемін одан әрі арттыру шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Аудандағы 21 елді мекеннің 19-ы, яғни халықтың 97,3%-ы интернетпен қамтылған. Келесі жылы Топтерек ауылындағы мемлекеттік мекемелерге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін жеткізу жоспарланған. Үшбұлақ ауылында антенна-діңгектік құрылыс салынып, қазіргі таңда оны мемлекеттік тізілімде тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымын жақсарту да назардан тыс қалмайды. Күршім ауданындағы автомобиль жолдары мен көшелердің жалпы ұзындығы 433,3 шақырымды құрайды. Биыл аудан аумағында 31 шақырым жол мен көшеге орташа жөндеу жүргізілуде.
Жалпы, Күршім ауданының даму басымдықтары экономиканы нығайтуға, ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласының тиімділігін арттыруға, туризм мен инфрақұрылымды дамытуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға және цифрлық қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған. Негізгі мақсат – ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-sayasat/press/news/details/1290382?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау