Астанада өткен ТМҰ-ға мүше елдердің ішкі істер министрлері кездесуі аясында Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Түркия Республикасының ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи екіжақты келіссөз өткізді.
Кездесудің басты нәтижесі Қазақстан мен Түркия арасындағы реадмиссия туралы келісімге қол қою болды. Құжат екі елдің көші-қон саласындағы өзара іс-қимылдың құқықтық негізін нығайтып, мемлекеттер аумағында болуға заңды негіздері жоқ адамдарды қайтару тәртібін айқындайды.
Келіссөз барысында Ержан Саденов пен Мұстафа Чифтчи екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Трансұлттық және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, іздестіру, көші-қон қауіпсіздігі, кадр даярлау және бейінді бөлімшелер арасындағы тікелей өзара іс-қимыл негізгі бағыттар ретінде белгіленді.
– Қазақстан мен Түркияны бауырластық қарым-қатынас пен өзара сенімнің жоғары деңгейі байланыстырады. Бүгінде бұл біздің ведомстволар арасындағы нақты өзара іс-қимылдан да көрініс табуда. Қол қойылған келісім – ынтымақтастықты нығайту жолындағы тағы бір нақты қадам, – деп атап өтті Ержан Саденов.
Тараптар алдағы уақытта да бөлімшелер арасындағы тікелей байланысты дамытып, тәжірибе алмасуға және қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша бірлескен жұмысты күшейтуге уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1289923?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау