Қазақстанда мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау тұрақты түрде жүзеге асырылады. Оның негізгі міндеті – инфекциялық аурулардың белгілері бар адамдарды уақтылы анықтау, карантиндік және аса қауіпті инфекциялардың әкелінуі мен таралуының алдын алу, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету.
Санитариялық-карантиндік бақылау 26 өткізу пунктінде, оның ішінде 18 халықаралық әуежайда, 5 теміржол станциясында, 2 теңіз портында және «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында жүзеге асырылады.
Барлық өткізу пункттері жанаспайтын дене температурасын өлшеу құралдарымен жабдықталған. Қазіргі уақытта 62 тепловизиялық бақылау құралы пайдаланылады, оның ішінде 35 стационарлық және 27 портативті құрылғы бар.
Күн сайын өткізу пункттері арқылы Қазақстанға шамамен 50 мың адам келеді. 2026 жылдың 8 айында 4 801 503 адам температуриялық бақылаумен қамтылды. Дене температурасының жоғарылауы 58 адамнан анықталды. Олардың 16-сы одан әрі медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жатқызылды.
Санитариялық-карантиндік бақылау санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын жүктерге де қолданылады. Ағымдағы жылдың 8 айында бақылауға жататын тауарлардың 2 761 партиясы тексерілді. Оның ішінде 223 партиясына ел аумағына әкелуге тыйым салынды.
Инфекциялық аурулардың белгілері бар адамдар анықталған жағдайда санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің медициналық және басқа да жауапты қызметтермен хабарлау және өзара іс-қимыл жасау жөніндегі бекітілген алгоритмдері қолданылады. Қажет болған жағдайда қосымша медициналық тексеру, ауруханаға жатқызу және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі.
Санитариялық-карантиндік қызмет мемлекеттік шекарада сенімді санитариялық тосқауылды қамтамасыз ету және инфекциялық аурулардың Қазақстан Республикасының аумағына әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша жұмысты жалғастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/1289943?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау