Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау қорытындысы бойынша талдамалық анықтама  

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген ішкі талдау нәтижелері туралы аналитикалық анықтама

 

 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 8-бабының 5-тармағына және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау объектісі болып 2025 жылғы мамырдан 2026 жылғы мамырға дейінгі кезеңдегі «Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің және оған қарасты ұйымдардың қызметі табылады.

Қарасты ұйымдар:

  • «Жезқазған қалалық Халықтар достығы мен мәдениеті үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
  • «Лира» Жезқазған қалалық мамандандырылған мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
  • «Тілтану» оқу-әдістемелік орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
  • «Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

 

І. МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУ-БАСҚАРУ, КАДРЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ-ШАРУАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН АНЫҚТАУ

  1. «Жезқазған қаласының Халықтар достығы мен мәдениеті үйі» КМҚК қызметіне жүргізілген ішкі талдау барысында бухгалтерлік есеп жүргізу саласында келесі бұзушылықтар мен тәуекелдер анықталды:
  • Ішкі талдау барысында 2025–2026 жылдары 1С бағдарламасын сүйемелдеу және пайдалану бойынша қолданыстағы шарттардың болуына қарамастан, қызметкерлердің жалақысын есептеу, міндетті салықтық төлемдерді есептеу, бухгалтерлік есеп жүргізу және тауарлық-материалдық қорлардың қозғалысын ақпараттық жүйеде есепке алу жүргізілмегені анықталды.
  • Нәтижесінде 1С бағдарламасында есептелген жалақы туралы мәліметтер болмаған, сондай-ақ тиісті салықтар мен міндетті аударымдар (жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және басқа да міндетті төлемдер) көрсетілмеген.
  • Сонымен қатар, 2025–2026 жылдардағы қызметкерлердің еңбек өтілін айқындау жөніндегі комиссияның шешімі белгіленген тәртіппен бекітілмегені анықталды. Осыған байланысты қызметкерлердің еңбек өтілін дұрыс айқындамау тәуекелі бар, бұл өз кезегінде жалақыны дұрыс есептемеу және төлемеу тәуекеліне әкелуі мүмкін.
  • 2025–2026 жылдары тауарлық-материалдық қорлар мен көрсетілген қызметтердің түсуіне қатысты операциялар 1С бағдарламасына енгізілмеген, бұл бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік деректерінің бұрмалану тәуекелін туғызады. Сонымен қатар соңғы жылдары қалалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсартылған және сатып алынған тауарлық-материалдық құндылықтар нақты түрде қолда бар.
  • 2025–2026 жылдары сатып алынған негізгі құралдар бухгалтерлік есепке қабылданбаған және 1С бағдарламасында көрсетілмеген. Соның салдарынан мекеменің негізгі құралдарының болуы, қозғалысы және құны туралы нақты ақпарат жоқ.

Аталған фактілер бухгалтерлік есептің тиісті деңгейде жүргізілмегенін көрсетеді және сенімсіз қаржылық есептіліктің қалыптасу тәуекелдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы заңнама талаптарының бұзылу қаупін туындатады.

Ішкі талдау нәтижелері бойынша келесі шешімдер қабылданды:

  • 1С бағдарламасында бухгалтерлік есепті толық көлемде қалпына келтіру қамтамасыз етілсін.
  • Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес барлық міндетті салықтар мен аударымдарды көрсете отырып, тиісті кезең үшін қызметкерлердің жалақысына есептеу жүргізілсін.
  • 2025–2026 жылдардағы қызметкерлердің еңбек өтілін айқындау жөніндегі комиссия шешімінің белгіленген тәртіппен шұғыл түрде бекітілуі қамтамасыз етілсін.
  • Қызметкерлердің еңбек өтілінің дұрыс айқындалуы растайтын құжаттар негізінде тексерілсін.
  • Қажет болған жағдайда қызметкерлердің жалақысына нақты еңбек өтіліне сәйкес қайта есептеу жүргізілсін.
  • Бастапқы бухгалтерлік құжаттар негізінде тауарлық-материалдық қорлар мен көрсетілген қызметтердің түсуіне қатысты барлық операциялар 1С бағдарламасына енгізілсін.
  • Негізгі құралдарға түгендеу жүргізіліп, олардың бухгалтерлік есепке уақытылы қабылдануы және 1С бағдарламасында көрсетілуі қамтамасыз етілсін.
  • Мекеме басшысы мен жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан бухгалтерлік есептің жүргізілуіне бақылау күшейтілсін.
  • Бухгалтерлік есепте шаруашылық операциялардың толық әрі уақытылы көрсетілуіне мониторинг ұйымдастырылсын.
  • Бухгалтерлік есеп талаптарының бұзылуына жол берген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі тиісті негіздер болған жағдайда қарастырылсын.
  • Бухгалтерлік есеп жүргізу және 1С бағдарламасымен жұмыс істеу мәселелері бойынша жауапты қызметкерлерге қосымша оқыту ұйымдастыру арқылы мекеме қызметінде осындай бұзушылықтардың қайталануына жол берілмесін.
  1. «Жезқазған қаласының Халықтар достығы мен мәдениеті үйі» КМҚК қызметіне жүргізілген ішкі талдау барысында кадрлық қамтамасыз ету саласында тәуекел анықталды.

Талдау нәтижесінде Талап ауылдық клубына хореограф лауазымына қабылданған қызметкердің біліктілігі аталған лауазымға қойылатын белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды, себебі ұсынылған диплом оның бейіндік білімі бар екенін растамаған.

Талдау жүргізілген күнгі жағдай бойынша аталған қызметкер жұмыстан босатылған.

Ішкі талдау нәтижелері бойынша келесі шешімдер қабылданды:

  • Талап ауылдық клубына хореограф лауазымына қабылданған қызметкердің біліктілігінің белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмеу фактісі назарға алынсын.
  • Қазіргі таңда аталған қызметкермен еңбек қатынастарының тоқтатылғаны ескерілсін.
  • Арнайы (бейіндік) білімді талап ететін лауазымдарға қызметкерлерді қабылдау кезінде біліктілік талаптарының сақталуына бақылау күшейтілсін.
  • Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде олардың білімі мен біліктілігін растайтын құжаттарды міндетті түрде тексеру қамтамасыз етілсін.
  • Белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін тұлғаларды жұмысқа қабылдауға жол берілмесін.
  • Жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік талаптарын сақтау мәселелері бойынша кадр қызметінің жауапты мамандарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілсін.

 

  1. «Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ қызметінде мемлекеттік сатып алу бойынша (05.03.2026 ж. №100440004552/260024/00, тауар – «Бумажный дом») құжат айналымына байланысты тәуекел анықталды.

Талдау барысында тауарды қабылдау-тапсыру актісінің уақытылы бекітілмегені анықталды, бұл бастапқы есептік құжаттарды ресімдеу мерзімдерінің бұзылғанын көрсетеді.

Қазіргі уақытта аталған кемшілік жойылып, құжат айналымы белгіленген талаптарға сәйкестендірілді.

Ішкі талдау нәтижелері бойынша келесі шешімдер қабылданды:

  • Тауарды қабылдау-тапсыру актісінің уақытылы ресімделмеу фактісі назарға алынсын.
  • Мемлекеттік сатып алулар бойынша бастапқы бухгалтерлік құжаттардың уақытылы ресімделуі қамтамасыз етілсін.
  • Құжат айналымы мерзімдерінің сақталуына бақылау күшейтілсін.
  • Мекеменің алдағы қызметінде осындай бұзушылықтарға жол берілмесін.
  1. «Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ қызметінде қызметкерлерге еңбек демалысына төленетін төлемдер мен сауықтыруға арналған жәрдемақының уақытылы төленбеу фактісі анықталды.

Сонымен қатар, бүгінгі күнгі жағдай бойынша барлық төлемдер Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілген.

Ішкі талдау нәтижелері бойынша келесі шешімдер қабылданды:

  • Еңбек демалысына төленетін төлемдер мен сауықтыруға арналған жәрдемақының уақытылы төленбеу фактісі назарға алынсын.
  • Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес төлемдерді жүзеге асыру мерзімдерінің қатаң сақталуы қамтамасыз етілсін.
  • Қызметкерлерге ақшалай қаражаттарды есептеу мен төлеудің уақытылы жүргізілуіне бақылау күшейтілсін.
  • Алдағы уақытта мұндай бұзушылықтардың қайталануына жол берілмесін.

 

  1. «Жезқазған қаласының Халықтар достығы мен мәдениеті үйі» КМҚК-ның бас бухгалтері директордың 2026 жылғы 03 наурыздағы №1-4/36-Ж/Қ бұйрығы негізінде 50 пайыз мөлшерінде үстемеақы алады.

Сонымен қатар, ішкі талдау барысында бас бухгалтердің аталған үстемеақыны белгілеуге негіз болатын қосымша жұмысты орындағанын растайтын құжаттар ұсынылмаған.

Бұдан бөлек, бас бухгалтердің лауазымдық нұсқаулығының, сондай-ақ еңбек шартының не оған қосымша келісімнің жоқ екендігі анықталды. Бұл қызметкердің лауазымдық міндеттерінің ауқымын, қосымша жүктеменің болуын және көрсетілген үстемеақыны белгілеудің құқықтық негіздерін анықтауға мүмкіндік бермейді.

Штатта бухгалтер-кассир мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі маманның болуына қарамастан, бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және бақылау функцияларын жүзеге асыру бас бухгалтердің тікелей лауазымдық міндеттеріне жатады және өздігінен қосымша еңбекақы төлеуге сөзсіз негіз бола алмайды.

Аталған мән-жайлар кәсіпорын қаражатының негізсіз жұмсалу тәуекелін және жеткілікті құжаттық растаусыз төлемдер жүргізу тәуекелін туындатады.

Ішкі талдау нәтижелері бойынша келесі шешімдер қабылданды:

  • Бас бухгалтердің кадрлық құжаттарын толық көлемде рәсімдеу және қалпына келтіру қамтамасыз етілсін.
  • Бас бухгалтердің лауазымдық нұсқаулығы әзірленіп, бекітілсін.
  • 50 пайыз мөлшеріндегі үстемеақыны белгілеудің негізділігіне құқықтық бағалау жүргізілсін.
  • Құжатпен расталған негіздер болмаған жағдайда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес үстемеақыны алып тастау мәселесі қарастырылсын.
  • Кәсіпорын қызметкерлеріне ынталандырушы және өтемақы төлемдерін белгілеуге бақылау күшейтілсін.
  • Мекеме қызметінде осындай бұзушылықтардың алдағы уақытта орын алуына жол берілмесін.

 

  1. «Жезқазған қаласының Халықтар достығы мен мәдениеті үйі» КМҚК қызметіне жүргізілген ішкі талдау барысында мемлекеттік сатып алу, талап-арыздық-шағымдық жұмыс және кәсіпорын мүлкінің сақталуы саласында бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды.

2025 жылға арналған мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарын тексеру барысында жылдық жоспарды бекіту кезінде директордың 2025 жылғы 08 қаңтардағы №3-н бұйрығы қоса тіркелгені анықталды.

Алайда аталған бұйрыққа қоса берілген, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің атауы, өлшем бірлігі, саны, бағасы, жалпы сомасы, сатып алу тәсілі және жоспарланған айы көрсетілген қосымша құжат жоқ.

Сондай-ақ мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықтарды зерделеу барысында да ұқсас бұзушылықтар анықталды. Бұйрықтарға қосымшалар тіркелмеген, соның салдарынан жылдық жоспардың қай тармақтары өзгертілгені, алынып тасталғаны немесе толықтырылғаны анықталмайды.

Бұйрықтарға қосымшалардың болмауы мекеме басшысының шешімдері мен мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылған мәліметтердің сәйкестігін анықтауға мүмкіндік бермейді, бұл жылдық жоспарға негізсіз өзгерістер енгізу тәуекелін туындатып, қабылданатын шешімдердің ашықтығын төмендетеді.

Талдау жүргізілген күнге қарай мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарында жалпы сомасы 22 215 098 теңгені құрайтын 11 тармақ «Бекітілді» мәртебесінде тұр.

Сонымен қатар жалпы сомасы 1 850 356 теңгені құрайтын 29 тармақ «Сатып алу өтпеді» мәртебесінде екені анықталды. Алайда аталған тармақтар бойынша қайта сатып алулар жүргізілгені немесе олардың күшін жою туралы мәліметтер жоқ.

Сондай-ақ жалпы сомасы 35 986 692 теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу шарттарының «Қолданыста» мәртебесі бар екені анықталды. Алайда аталған шарттар бойынша міндеттемелер іс жүзінде орындалғанымен, олардың орындалуы туралы мәліметтер веб-порталға уақтылы енгізілмеген, бұл жеткізушілерге шартты орындауды қамтамасыз ету кепілдігін қайтару мерзімінің кешігу тәуекелін туындатады.

Мемлекеттік сатып алу шартының орындалуына жүргізілген талдау барысында КМҚК мен «Еңбек» ЖШС арасында жасалған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу объектісі бойынша 1 002 454 697 теңге сомасына шарттың жеткізушінің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамауына байланысты біржақты тәртіппен бұзылғаны анықталды. Шарттың нақты орындалған көлемі 292 079 064 теңгені құраған.

Сонымен қатар, техникалық қадағалаудың мердігердің бекітілген жобалық-сметалық құжаттамадан елеулі ауытқулары туралы алғашқы нұсқамасы 2025 жылғы 26 қыркүйекте жеткізушіге жолданып, тапсырыс берушінің назарына жеткізілген.

Шарт талаптарының елеулі бұзылулары туралы ақпараттың болуына қарамастан, кәсіпорын мүдделерін қорғау бойынша уақтылы шаралар қабылданбаған, бұл өз кезегінде жеткізушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талаппен сотқа жүгіну мерзімінің өткізіліп алынуына және кейіннен соттың тиісті талапты қанағаттандырудан бас тартуына алып келген.

Аталған мән-жайлар мемлекеттік сатып алу шарттарының орындалуына бақылаудың жеткіліксіздігін және талап-арыздық-шағымдық жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмегенін көрсетеді.

Бұдан бөлек, ғимаратқа жүргізілген күрделі жөндеу барысында кәсіпорынның мүлкі болып табылатын жылу радиаторлары мен бейнебақылау камералары бөлшектелген.

Бас бухгалтердің түсіндірмесіне сәйкес, бөлшектелген жылу радиаторлары металл сынығы ретінде өткізілген, ал оларды сатудан түскен қаражат кәсіпорын қызметкерлері арасында бөлінген.

Алайда мүлікті есептен шығарудың заңдылығын, металл сынығын өткізуді, түскен қаражаттың кассаға немесе есепшотқа түсуін, сондай-ақ олардың бухгалтерлік есепте көрсетілуін растайтын құжаттар талдау барысында ұсынылмаған.

Сондай-ақ талдау жүргізу кезінде бөлшектелген бейнебақылау камераларының орналасқан жері анықталмаған. Оларды түгендеу құжаттары, қабылдау-тапсыру актілері немесе мүліктің сақталуын растайтын өзге де құжаттар ұсынылмаған.

Аталған мән-жайлар кәсіпорын басшылығы мен жауапты лауазымды тұлғалардың тарапынан мүліктің сақталуына тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді және мүліктің жоғалуына, кәсіпорынға мүліктік зиян келуіне, сондай-ақ мүлікке заңсыз билік ету тәуекелдеріне әкеп соғады.

Ішкі талдау нәтижелері бойынша келесі шешімдер қабылданды:

  • Мемлекеттік сатып алулардың жылдық жоспарларын бекіту және оларға өзгерістер енгізу туралы бұйрықтардың тиісті түрде рәсімделуі, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесін міндетті түрде қоса тіркеу қамтамасыз етілсін;
  • «Сатып алу өтпеді» мәртебесіндегі жылдық жоспар тармақтарына ревизия жүргізіліп, әрбір тармақ бойынша тиісті шешімдер қабылдансын;
  • Мемлекеттік сатып алу шарттарының орындалуын веб-порталда уақтылы аяқтау қамтамасыз етілсін;
  • «Еңбек» ЖШС-ні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану мәселесі бойынша сотқа жүгіну мерзімінің өткізілу фактісі бойынша қызметтік тексеріс жүргізілсін;
  • Ғимаратқа жүргізілген күрделі жөндеу барысында бөлшектелген мүлікке жоспардан тыс түгендеу жүргізілсін;
  • Бөлшектелген бейнебақылау камераларының орналасқан жері анықталсын;
  • Жылу радиаторларын өткізу заңдылығы және металл сынығын өткізуден түскен қаражаттың пайдаланылу тәртібі тексерілсін;
  • Анықталған негіздер болған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралсын;
  • Мекеменің алдағы қызметінде осындай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдансын.
  • БАҚЫЛАУ ІС-ШАРАЛАРЫ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН БОЛДЫРМАУ ЖӨНІНДЕГІ ҰСЫНЫСТАР
  • Мониторинг жүйесі:
  • Мемлекеттік сатып алуларды жоспарлау саласындағы сыни бұзушылықтарды жою барысы бойынша бірінші ай ішінде апта сайынғы есептілік енгізілсін. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы қарасты ұйымдар басшыларының ай сайынғы есептілігі қамтамасыз етілсін. Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, тоқсан сайын тексерулер жүргізілсін.
  • Мәдениет бөлімі мен оған қарасты барлық ұйымдардың өкілдерін қоса отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою барысына тұрақты мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылсын. Анықталған бұзушылықтарды белгіленген мерзімде жою бойынша жеке жауапкершілік қарасты ұйымдар басшыларына жүктелсін.
  • СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН БОЛДЫРМАУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАЛПЫ ҰСЫНЫСТАР
  • Мәдениет бөлімі мен оған қарасты мекемелердің қызметінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың, Әдеп кодексінің, регламенттер мен стандарттардың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу қамтамасыз етілсін. Сыбайлас жемқорлықтың туындауына негіз болатын алғышарттар уақтылы анықталып, жойылып отырсын.
  • Қаржы-шаруашылық операциялардың, кадр саясатының, мемлекеттік сатып алулардың, сондай-ақ серіктестермен және контрагенттермен өзара іс-қимылдың ашықтығын, есептілігін және бақылауда болуын қамтамасыз ету бойынша толыққанды шаралар қабылдансын.
  • Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамада көзделген барлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар, шектеулер мен тыйымдар қатаң сақталсын. Мүдделер қақтығысының туындауына жол берілмесін.
  • Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру және тәрбиелік жұмыстар жүйелі түрде жүргізілсін. Кез келген сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік ахуалы қалыптастырылып, қызметкерлердің белсенді азаматтық ұстанымы ынталандырылсын.
  • Қолданыстағы заңнамадағы және құқық қолдану тәжірибесіндегі сыбайлас жемқорлық факторларын, олқылықтар мен қайшылықтарды анықтау және жою мақсатында нормативтік-құқықтық базаны тұрақты түрде талдау жүргізілсін.
  • Халықты қабылданып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар туралы ақпараттандыру арналары кеңейтілсін, оның ішінде интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланылсын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша қоғамдық пікірмен кері байланыс орнатылсын.
  • Осы талдау қорытындысы бойынша үш күн мерзім ішінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі нақты орындаушылар мен нақты мерзімдері көрсетілген егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілсін. Жоспардың қатаң орындалуы және оны іске асыру барысына тиімді бақылау қамтамасыз етілсін. Алты ай ішінде барлық ұсынымдардың орындалу тиімділігіне қорытынды мониторинг жүргізілсін.
  • Ішкі талдау материалдары кәсіпорын мүлкінің сақталуы және бөлшектелген мүлікті заңды түрде пайдалану мәселелері бойынша қосымша қызметтік тексеріс жүргізу қажеттілігі туралы шешім қабылдау үшін комиссияның қарауына жіберілсін.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/culture-zhezkazgan/press/news/details/1290414?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version