Түркияда Манарбек Ержановтың 125 жылдығы аталып өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Анкарада дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Манарбек Ержановтың 125 жылдығына арналған мәдени кеш өтті. Шара түрік және халықаралық аудиторияға қазақтың көрнекті әншісінің бай музыкалық мұрасы мен шығармашылығын таныстыратын маңызды мәдени алаңға айналды.

Мәдени кеш ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды. Оның ашылу рәсіміне ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Еркебұлан Сәпиев, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, профессор Дүйсен Қасейінов қатысты.

Қазақстанның еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, ақын әрі жазушы Серік Ақсұңқарұлы Манарбек Ержановқа арнаған өлеңін оқыды.

Кештің басты оқиғасы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасы болды. Сарыарқаның әндері мен күйлері Анадолының төрінде шырқалып, көрерменге қазақ даласының қайталанбас тынысын сезіндірді. Сонымен қатар ұлттық музыка өнерінің өзіндік дәстүрі кеңінен таныстырылды.

Бағдарлама барысында ТҮРКСОЙ медальдарын табыстау рәсіміне де ерекше мән берілді. Марапаттар қазақ мәдениетін дамытуға және түркі халықтары арасындағы рухани байланысты нығайтуға үлес қосқан азаматтарға табысталды.

Манарбек Ержанов 1901 жылғы 8 наурызда Қарабұлақ жерінде дүниеге келген. Жастайынан музыка өнеріне қызығып, ақындар айтысына қатысып, олардың әндері мен әуендерін жадына тоқып өскен.

1928 жылдан бастап Манарбек Ержанов Қазақ драма театрының сахнасында өнер көрсетті. Кейін Алматыдағы музыкалық театрдың негізін қалаушылардың бірі болды. 1953 жылдан өмірінің соңына дейін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының солисі қызметін атқарды.

Манарбек Ержанов 150-ден астам шығарма жазды. Оның «Аққу», «Жетісу», «Бақыт жыры», «Амангелді», «Паровоз» және басқа да туындылары қазақ музыкасының алтын қорына енді.

Ұлттық өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Манарбек Ержановқа Қазақ КСР-інің халық әртісі атағы берілді. Ол Қызыл Жұлдыз және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1289842?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version