Дала мен тау, түнгі зымыран ұшырылымы және жүйткіген тұлпарлар — Қазақстанның үш түрлі бейнесі бір көрмеде тоғысты. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Қарағанды» фотоклубының «Қазақстан табиғат күштері: Жер, Сымбаттылық және Ғарыш» атты көрмесі ашылды.
Көрмеге Тахир Мұхтаров, Лия Макари және Михаил Максимовтың фотожұмыстары қойылған.
— Жеке көрменің өтуі — фотоклубтың дамуындағы маңызды белес. Біз «Қала өмірінің бір күні» атты көрме өткізгенде, онда жиырмаға жуық автордың 500-ден астам фотосуреті ұсынылды. Ал жеке көрме ең алдымен автордың өзіндік көзқарасын танытады. Мұнда бір күнде, тіпті бір жылда жасала салмаған фотосуреттер жинақталған. Бұл — әр фотографтың орасан зор еңбегі, — деді «Қарағанды» фотоклубының жетекшісі Тимур Кудеринов.
Тахир Мұхтаров шығармашылығының негізгі бағыты — табиғат.
Оның топтамасында дала, тау және алуан түрлі табиғат көріністері бар.
Фотограф бұл кадрларды 15 жылға жуық уақыт бойы жинаған. Оның сурет өнеріне қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде басталған. Ал шамамен жиырма жыл бұрын таулар оның шығармашылығында ерекше орын ала бастады.
— Әртүрлі жанрлар қызықтырғанымен, менің басты бағытым — табиғат. Тау тек әдемі көрініс қана емес, ол адамды сынап, шыңдай алады. Мен жылдың кез келген мезгілінде суретке түсіремін, бірақ күзді ерекше жақсы көремін. Алтын түске боялған табиғат, салқын ауа, таумен ұзақ жүріп, айналадағы дүниені тамашалауға мүмкіндік беретін осы мезгілдің өзіне тән ерекшелігі бар, — дейді Тахир Мұхтаров.
Михаил Максимовтың фотосуреттері көрерменді табиғи ландшафтардан Байқоңырға жетелейді.
2006 жылы фотограф ғарыш айлағында болып, зымыран құрастыру цехын, ұшыру алаңын және түнгі зымыран ұшырылымын таспаға түсірген. Ол сол топтамадағы соңғы кадрды өзінің ең сүйікті фотосуреті деп атайды.
— Мұндай зымыран ұшырылымын көру кез келген адамға бұйыра бермейді. Ал түнгі ұшырылымға арнайы бару тіпті қиын болды. Көбіне көз алдыма түскен көріністерді суретке түсіремін. Сондықтан жұмыстарымның арасында табиғат пен сәулет көріністері көп. Материал өте көп, тағы екі-үш жеке көрмеге жетер еді, — дейді Михаил Максимов.
Лия Макаридің «Грация» топтамасы фотографтың сүйікті нысандарының бірі — жылқыларға арналған. Ол көп жылдан бері анималистика жанрында еңбек етіп келеді. Оның фотосуреттерінде тұлпарлар жүйткіп, құмда ойнап немесе қимыл үстінде бір сәтке аялдағандай әсер қалдырады. Әр кадрдан олардың сұлулығы, қуаты мен еркіндікке деген құштарлығы сезіледі.
Фотографтың бұл топтамасы Қазақстанның көркем бейнесін баяндайтын ортақ шығармашылық хикаяның маңызды бөлігіне айналған.
«Қазақстан табиғат күштері: Жер, Сымбаттылық және Ғарыш» көрмесі 14 қыркүйекке дейін жалғасады.
Фото: Александр Марченко
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1289705?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау