Ақтөбеде жергілікті спортшыларды кешенді тексеру, диагностикалау және оңалтуға жағдай жасалған Спорттық медицина орталығының ашылуына дайындық жүргізілуде. Қазіргі таңда негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталып, соңғы дайындық шаралары атқарылып жатыр.
Аймақта мұндай мамандандырылған орталық соңғы 20 жыл бойы болған жоқ.
Қаладағы нысандарды аралау барысында облыс әкімі Асхат Шахаров мамандандырылған медициналық мекеменің жұмысы және мүмкіндіктерімен танысты.
Орталық тәулігіне 70 адамға дейін медициналық тексеруден өткізуге қауқарлы. Жыл сайын мұнда 18 мыңнан астам спортшы – балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ өңірдің кәсіби және әуесқой спортшылары медициналық тексеруден өтеді.
«Спортшылардың денсаулығы – спортты дамыту мен жоғары нәтижелерге қол жеткізудің маңызды құрамдас бөлігі. Сондықтан олардың уақытылы медициналық тексеруден өтуі, сапалы медициналық көмек алуы және дене жүктемелерінен кейін толыққанды қалпына келуіне жағдай жасау маңызды. Біздің міндетіміз – бұл үшін қажетті жағдайларды қалыптастырып, профилактикаға және денсаулыққа қатысты ықтимал проблемаларды ерте анықтауға ерекше көңіл бөлу. Орталықтың жұмысы спортшылардың денсаулығын сақтауға және олардың алдағы спорттық жетістіктеріне ықпал етеді», – деді Асхат Шахаров.
Аумағы 1 020 шаршы метрді құрайтын үш қабатты ғимаратта 22 медициналық және 6 әкімшілік кабинет орналасқан. Орталық директоры Азамат Нұрматовтың айтуынша, бірінші қабатта спортшылар қабылданады, екінші қабатта әкімшілік кабинеттер орналасқан. Ал үшінші қабатта диагностикалық және оңалту бөлімдері, сондай-ақ дәрігерлердің кабинеттері бар медициналық блок орналасқан.
Оңалту бөлімінде қажетті медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Мұнда спортшылар тексеруден өтіп, білікті медициналық көмек алып, дене жүктемелерінен кейін қалпына келе алады.
Орталықта спортшылардың денсаулығы мен физикалық дайындығын тұрақты бақылауға ерекше мән беріледі. Мамандар денсаулыққа қатысты ықтимал проблемаларды дер кезінде анықтап, көрсеткіштердің динамикасын бақылап, жаттығу жүктемесі, қалпына келу және алдағы дайындық барысы бойынша ұсынымдар береді.
Тексеру нәтижелері мен спортшылардың медициналық деректері цифрлық жүйеге енгізіліп, онда олардың медициналық тарихы қалыптастырылып, сақталады. Бұл спорт саласының мамандарына спортшылардың денсаулық жағдайы туралы қажетті ақпаратқа қол жеткізуге, өзгерістерді динамикада бақылауға және жаттығу процесін ұйымдастыру кезінде неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Орталықта 77 қызметкер жұмыс істейді. Олар спортшыларға медициналық сүйемелдеу көрсетіп, профилактикалық тексерулер жүргізеді, аурулар мен денсаулыққа төнуі мүмкін басқа да қауіп факторларын дер кезінде анықтайды. Сонымен қатар атлеттердің жақсы физикалық қалпын сақтауға көмектеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1290639?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау