Актөбе облысы Хромтау ауданының Ақжар ауылында ерікті өртке қарсы құралым өз жұмысын бастады. Ол екі мыңнан астам тұрғыны бар Ақжар ауылы мен Жазық станциясының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Өрт сөндіру бөлімдерінен шалғай орналасқан елді мекендерде еріктілер кәсіби өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті сөндіруге кірісе алады. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ТЖМ ерікті құралымдарды техникамен, қорғаныс құралдарымен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, қызметкерлердің даярлығын ұйымдастырады.
Ақжар ауылында диспетчерлік бөлмесі, ас үйі, санитарлық тораптары, душ бөлмелері және автокөлікке арналған боксы бар өрт сөндіру бекеті салынды. Бөлмелер кезекшілікке ыңғайлы әрі жайлы етіп жабдықталған. Бекет өрт сөндіру автоцистернасымен, мотопомпамен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Мұнда төрт өрт сөндіруші мен бір жүргізуші қызмет атқарады. Бесеуі де бастапқы даярлықтан өтіп, сертификаттар алды.
Салтанатты рәсім барысында Мұрат Мұханов еріктілерге өрт сөндіру техникасының символикалық кілтін табыстады. Құралым мүшелеріне марапаттар мен алғыс хаттар берілді. ТЖМ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстың басқа да елді мекендерінде ерікті өртке қарсы құралымдар құру жұмыстарын жалғастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1290663?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау