Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Шардара ауданында «ЯССАУИ КЕРУЕНІ» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті.
Рухани-танымдық басқосу жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, Қожа Ахмет Яссауи мұрасын кеңінен насихаттау, ұлттық рух пен адамгершілік қағидаттарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков ашып, қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде жастарды имандылыққа, тағылымдылыққа, білім мен мәдениетке үндейтін Қожа Ахмет Яссауи мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық және рухани құндылықтарды сіңіруде Яссауи ілімін кеңінен насихаттаудың маңызы зор екенін айтып, мұндай тағылымды кездесулердің тәрбиелік мәні ерекше екеніне тоқталды.
Семинар барысында Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің доценті, философия ғылымдарының докторы Мұхит Төлеген «Яссауи ілімі және мәдениет қабаттары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, ұлы ойшылдың рухани мұрасы мен оның қоғамдағы орнына жан-жақты тоқталды.
Ал университеттің доценті, дінтанушы Сержан Оразбай «Яссауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» тақырыбында баяндама жасап, хикметтердің тәрбиелік мәні мен жастар санасын қалыптастырудағы рөлі туралы кеңінен әңгімеледі.
Яссауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Бауыржан Сайфунов Яссауи ілімін жас ұрпақ арасында кеңінен дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, рухани мұраны заман талабына сай насихаттау бағытындағы жұмыстар жөнінде ой бөлісті.
Сонымен қатар семинарда Қожа Ахмет Яссауидің қазақ халқының салт-дәстүрімен сабақтастығы, ұлттық дүниетанымның қалыптасуына қосқан үлесі, рухани тәрбие мен мәдени мұраны сақтау мәселелері кеңінен сөз болды.
Іс-шараның көркемдік бөлігінде ауданның белгілі жыршы-термешілері Сәкен Бегманов пен Қанат Дауылбаев қоңыр үнмен жыр-термелер орындап, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.
Семинар соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, баяндамашылармен еркін пікір алмасты. Ашық форматта өткен сұрақ-жауап алаңы мазмұнды ойлармен өріліп, тағылымды кездесудің мәнін арттыра түсті.
Тағылымды жиын Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесовтің ақ батасымен қорытындыланды.
Осындай игі бастамалар арқылы Қожа Ахмет Яссауидің мәңгілік мұрасы дәріптеліп, ұлттық құндылықтар мен рухани сабақтастықты жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған маңызды жұмыстар жалғасын табуда.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1290494?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау