Адамның дүниеге көзқарасы мен азаматтық болмысы ең алдымен отбасы тәрбиесінен бастау алады. Қара шаңырақтағы ата-ананың мейірімі мен өнегесі әр перзенттің өмірлік ұстанымын қалыптастырып, алға қойған асқақ мақсаттарына ұмтылуына жол ашады.
Мен балалық шағымды, әкенің ақылын, үйдегі қарапайым тіршілікті, отбасыммен бірге өткізген қымбат сәттерді жиі еске аламын. Ауылда өстік. Үйдегі тіршілікке ерте араластым. Әкем – механизатор, анам – дәрігер. Малға жем-шөп салу менің мойнымда болды. Өзімнен сегіз жас кіші қарындасыма қарайласып, сабағына көмектесетінмін. Сол кезде мұның бәрін міндет деп қабылдадым. Қазір түсінсем, ата-анамның бізге берген үлкен тәрбиесі осындай күнделікті тірліктен қалыптасыпты.
Бүгінде мен де екі ұл, екі қыздың әкесімін. Өз балаларымның бойынан ата-анамнан алған тәрбиені көргім келеді. Оларға айтқанымнан гөрі, өз ісіммен үлгі болуға тырысамын.
Ата-анам маған еңбекқорлықты, жауапкершілікті, адамға көмектесуді үйретті. Ең бастысы — жақсы адам болуды, қарапайымдылықты көрсетті.
Мен үшін отбасы бір шаңырақта бірге өмір сүру ғана емес, ол — бір-біріне тірек болу, қуанышты бірге бөлісу, қиындықта қасынан табылу және балаға өзін әрдайым қажет әрі жақсы көретін адам екенін сезіндіру. Сондықтан отбасы — адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Баланың бақытты балалық шағы, ең алдымен, отбасындағы жылулық пен өзара түсіністіктен басталады. Әрбір бала ата-анасының қамқорлығын сезініп, өз үйінде өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуі керек. Мемлекетте оған барлық жағдай бар.
Баршаңызды Отбасы күнімен құттықтаймын!
Әр шаңырақта береке орнасын, өзара сыйластық пен бала күлкісі үзілмесін!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1290687?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау