Қазақстанда әр жылдың қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Әскери қызметші үшін отбасы – оның басты тірегі әрі күш-қуат беретін сенімді ортасы.
Осыған байланысты Қарулы күштерде әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл бағыттағы міндеттер тәрбие құрылымдарының офицерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі мамандарға жүктелген. Әскери қызметтің ерекшелігі мен жағдайларын ескере отырып, отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге, балалардың білім алуына, тәрбиесі мен денсаулығын нығайтуына қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Биыл республикалық «Балдаурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдың 800-ден астам баласы демалды. Ал «Мектепке жол» акциясы аясында көпбалалы және қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларынан 4 мыңнан астам бала қамтылды. Қазіргі таңда еліміздің Қарулы Күштерінде 33 мыңнан астам әскери қызметшілер отбасы бар. Оның ішінде шамамен 9 мыңы – жас отбасылар, 7 мыңнан астамы – көпбалалы отбасылар.
– Әскери қызмет жиі қоныс аударуды, ерлі-зайыптылардың ұзақ мерзімді іссапарларға жіберілуін талап етеді. Мұндай жағдайда біз отбасылардың жаңа ортаға бейімделуіне көмектесіп, әйелдерін жұмысқа орналастыруға және балаларын білім беру ұйымдарына орналастыруға қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар бітімгерлердің, жас отбасылардың шаңырақтарына барып, отбасылық құндылықтарға арналған психологиялық тренингтер ұйымдастырамыз, – деді Қарулы күштердің әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәтігүл Смағұлова.
Мерекеге орай гарнизондарда ашық есік күндері, экскурсиялар, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылды. Олардың барлығы әскери қызметшілер отбасыларының дәстүрлерін сақтап, өзара бірлігін нығайтуға бағытталды. Мәселен, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде жеті команда қатысқан «Әке, ана, мен – спорттық отбасымыз» атты спорттық жарыс өтті.
– Отанға деген сүйіспеншілік отбасына деген махаббаттан, жақындарыңа қамқорлық жасаудан және отбасылық құндылықтарды құрметтеуден басталады. Жауапкершілік, өзара көмек пен адалдық сияқты маңызды қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады. Барлық жарыс қатысушыларына зор денсаулық, спорттық жігер және жеңіс тілеймін. Әр шаңырақта махаббат, өзара түсіністік, келісім мен жылулық орнасын, – деді жарысқа қатысушыларға арналған құттықтау сөзінде Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Бауыржан Әбжанов.
Отбасын қолдау Қарулы күштер қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Өйткені әр әскери қызметшінің артында оның қызметтегі қиындықтарын бірге бөлісіп, қандай жағдайда да өзіне деген сенімін нығайтатын отбасы тұр. Сондықтан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл бөлу – тек қамқорлықтың көрінісі ғана емес, әскери ұжымдардың бірлігін нығайтып, ұйымшылдығын сақтаудың маңызды тетігі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1290679?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау