Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір халқын Отбасы күнімен құттықтады:
Құрметті шығысқазақстандықтар! Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Адам өміріндегі ең қымбат дүниелер көбіне қарапайым сәттерден құралады. Балаңыздың сөзін тыңдау, ата-анаңызға телефон шалу, жақын адамыңызды құшақтау – осындай қарапайым сәттерден сізді жақсы көріп, әрдайым күтетін үйдің жылуы қалыптасады.
Бала ең алдымен отбасында сенімге, мейірімділік пен жауапкершілікке үйренеді. Отбасында салт-дәстүр сабақтастығы жалғасып, үлкенге құрмет қалыптасады, адамға және туған жерге деген көзқарас орнығады. Ал әрқайсымыз үшін жақындарымыз қиындықты еңсеруге демеу болып, жетістігімізге бірге қуана білетін басты тірегіміз болып қала береді.
Көпбалалы ата-аналарға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды бауырына басып, мейірім мен қолдау көрсетіп жүрген барша жанға айрықша алғысымды білдіремін. Немере тәрбиесіне белсене араласатын ата-әжелерге, ондаған жыл бойы бір шаңырақ астында бірге ғұмыр кешіп келе жатқан ерлі-зайыптыларға адалдық пен өзара сыйластықтың үлгісін көрсетіп отырғандары үшін ризашылығымды білдіремін.
Отбасылардың әл-ауқатын арттыру – жұмысымыздың басты бағдарларының бірі. Білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және әлеуметтік салалардағы әр шешімнің негізінде адамдардың күнделікті өмірі тұр. Бұл – жақындарының денсаулығы, балалардың болашағы және ертеңгі күнге деген сенім.
Әр шаңыраққа бейбітшілік, зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін. Балалар ата-анасының мейірімі мен назарынан, ата-аналар балаларының қамқорлығынан кенде болмасын. Әр отбасыда жылылық пен өзара қолдау салтанат құрсын.
Бір-біріңізді және бірге өткізген әр сәтті қадірлеңіздер!
Құрметпен, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1290682?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау