Шардара ауданында халықаралық аренада ел мерейін үстем еткен спортшыларға құрмет көрсетілді.
2026 жылғы 4 қыркүйекте Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында армрестлингтен жоғары нәтиже көрсеткен «Шардара Армспорт» спорт клубының спортшыларын арнайы қабылдап, марапаттады.
Халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғаған жерлестеріміз өздерінің шеберлігі мен жігерін танытып, жүлделі орындардан көрінді. Бұл – спортшылардың жылдар бойғы тынымсыз еңбегі, табандылығы мен кәсіби дайындығының жемісі. Сонымен қатар бұл жетістік Шардара ауданында спортты дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Атап айтқанда, Медет Құттымұратов, Нұрдәулет Айдархан және Ұлжан Оралбай аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар жеңімпаз спортшыларға демеушілер тарапынан арнайы сый-сияпаттар табысталды.
Марапаттау рәсімінде аудан әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, олардың ел спортына қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.
Шардарада спорттың бұқаралығын арттырып, жас спортшыларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарға аудан әкімі тарапынан айрықша мән беріліп келеді. Қарсыбаев Арман Романұлының спорт саласына деген тұрақты қолдауы, жанашырлығы және туған өлкенің спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалары осындай халықаралық деңгейдегі жеңістерге жол ашып отыр. Спортшылардың жаттығуына жағдай жасау, талантты жастарды ынталандыру және спорт клубтарының дамуына қолдау білдіру – аудан спортының жаңа белестерге көтерілуіне берік негіз болып отыр.
Бүгінде Шардараның армрестлинг мектебі ел көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Бұл жетістіктер – спортшылардың табандылығы мен бапкерлердің еңбегімен қатар, аудан көлемінде спортты дамытуға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың жемісі.
Аудан әкімі спортшыларға алдағы жарыстарда да биік белестерді бағындырып, көк байрақты халықаралық ареналарда абыроймен желбірете беруіне тілектестік білдірді.
Шардаралық спортшылардың бұл жеңісі – аудан спортының мерейін өсіріп, жас ұрпаққа жігер беретін жарқын жетістік. Жерлестеріміздің халықаралық жарыстардағы әрбір жеңісі – ел абыройы, аудан мақтанышы.
Спортшыларымызға алдағы додаларда сәттілік тілеп, жаңа жеңістер мен биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1291059?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау