Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған жамбылдық спортшыларға құрмет көрсетті.
2026 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасында өткен дүбірлі додаға 43 спорт түрінен 113 елдің 3 мыңға жуық спортшысы қатысты. Қазақстан құрамасы 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, 74 жүлдемен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Бұл жетістікке Жамбыл облысының спортшылары да лайықты үлес қосты. Ұлттық құрама сапында сынға түскен 22 жерлесіміз 8 алтын, 11 күміс және 7 қола медаль еншілеп, ел қоржынына барлығы 26 медаль салды.
Өңір басшысы спортшылар мен бапкерлерді айтулы нәтижемен құттықтап, олардың жетістігі қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы ойындардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы қабылдап, халықаралық додада ел мерейін асқақтатқан спортшыларға жоғары баға берді. Бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл – еңбектеріңізге көрсетілген зор құрмет әрі ұлттық спортқа деген айрықша қолдаудың көрінісі.Сіздер дүбірлі додада Қазақстанның көк байрағын биік көтеріп, Жамбыл спортының әлеуетін тағы бір мәрте таныттыңыздар. Әрбір жетістіктеріңіз – жас ұрпаққа өнеге, ұлттық спорттың өркендеуіне қосылған қомақты үлес. Бұл нәтижелерге бапкерлердің, атбегілердің және жанашыр азаматтардың да еңбегі сіңді. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін! – деді Ербол Қарашөкеев.
Салтанатты шарада VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлдеге ие болған жамбылдық спортшыларға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты мен арнайы сыйлығы, сондай-ақ қаржылай сертификаттар табысталды.
Жиында көкпардан Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрдәулет Момынов пен қазақ күресінен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Ернұр Сүлеймен сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен қолдауға ризашылықтарын білдірді. Олар алдағы уақытта да ел спортының абыройын асқақтатып, туған жердің мерейін үстем етуге күш салатынын жеткізді.
Іс-шара соңында спортшылар мен өңір басшысы естелік суретке түсті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1291546?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау