Қарағандылық оқушылар шахта қауіпсіздігі жобасын халықаралық IT байқауында таныстырады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандыдағы «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының төрт оқушысы Technovation Girls халықаралық IT-жобалар байқауына қатысады. Asian Sharks командасы SAMRUQ.AI жобасымен жоғары санат – Senior Division бойынша финалға жолдама алған Қазақстанның жалғыз өкілі атанды.

Жоба жерасты шахталарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Оқушы қыздар бұл шешімді әзірлеу барысында тау-кен өндірісіндегі нақты қауіп-қатерлерді ескерген.

SAMRUQ.AI – шахталардағы жағдайды бақылауға арналған оқу-инженерлік прототип. Жүйе датчиктерді, сымсыз байланысты, цифрлық платформаны және жасанды интеллектіні бір арнаға біріктіреді. Ол шахтадағы микроклиматты, түтін мен түтінденуді, дірілді бақылап, қауіп деңгейін бағалауға мүмкіндік береді және жер астындағы жағдай туралы ақпаратты диспетчерге жедел жеткізеді.

Жүйенің жеке модулі шахтаға кірген және одан шыққан адамдарды автоматты түрде санайды. Бұл төтенше жағдай кезінде жер астында қанша адамның қалғанын қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік береді.

Прототип 350-ден астам сынақ пен калибрлеуден өтті. Сонымен қатар команда жүйені Қарағандыдағы жерасты оқу шахталарында екі рет сынақтан өткізді.

– Қолданыстағы қауіпсіздік жүйелерін зерттей келе, бірнеше мәселенің бар екенін анықтадық. Олардың көпшілігі апат болғаннан кейін ғана әрекет етеді, сондай-ақ опырылу немесе жарылыс кезінде зақымдалуы мүмкін кабельдік байланысқа тәуелді. Бұған қоса, мұндай жүйелердің құны 2 млн долларға дейін жетуі мүмкін. Ал адамдарды қолмен түгендеуге 45 минутқа дейін уақыт кетеді, әрі дабылдардың бір бөлігі жалған болып шығады. Біз қауіп-қатерді алдын ала бағалауды, деректерді сымсыз беруді, адамдарды автоматты түрде санауды және жалған сигналдарды сүзгіден өткізуді бір жүйеге біріктіргіміз келді. SAMRUQ.AI осылай пайда болды, – дейді команда капитаны Айша Орынбасар.

Биылғы маусымда Technovation Girls байқауына 130 елден 12 мыңнан астам қыз бала қатысты. Үндістанның Бенгалуру қаласында өтетін әлемдік финалға 15 команда жолдама алды.

Asian Sharks командасы соңғы сегіз жылда жоғары санаттағы финалға шыққан Қазақстанның алғашқы командасы атанды.

– Команда үшін бұл тек әлемдік финалға шығу ғана емес, нақты мәселені зерттеуден бастап, өз шешімін әзірлеп, оны сынақтан өткізуге дейінгі ауқымды еңбектің мойындалуы. Әсіресе қыздардың біздің өңірдегі адам қауіпсіздігімен тікелей байланысты тақырыпты таңдауы маңызды. SAMRUQ.AI мектеп жобасының жергілікті мәселені шешуден басталып, кейін халықаралық деңгейге шығуға болатынын көрсетеді, – дейді KINERGY қоғамдық қорының директоры Динара Әлімова.

Қазақстанда Technovation Girls бағдарламасы 2016 жылдан бері KINERGY қоғамдық қорының, сондай-ақ еріктілер мен менторлар қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстандық оқушы қыздар өздерінің технологиялық жобаларын әзірлеуге, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және идеяларын халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1291080?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version