Ақтөбе облысында абаттандыру және санитарлық тазалық бойынша күзгі екіайлық өтуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңірде 12 қыркүйек пен 14 қараша аралығында елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Күзгі екіайлықтың барысы мен жоспарланған іс-шаралар облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, алғашқы сенбілікте аумақтарды тазалауға 7 608 адам шығып, жұмыстарға 119 техника жұмылдырылды. 88 саябақ қоқыстан тазартылып, 145 тонна қалдық шығарылды. 44 көшеден 235 тонна қоқыс шығарылып, 66 шағын сәулет нысанының сыртқы келбеті ретке келтірілді. Қазіргі таңда 115 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің 98-і жойылды. Қалған 17 қоқыс үйіндісін тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Екіайлық аясында көшелер, аулалар, саябақтар мен скверлерді санитарлық тазалауға, контейнер алаңдарын ретке келтіру, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою, қураған ағаштар мен бұталарды санитарлық мақсатта кесу, сондай-ақ аумақтарды көгалдандыруға басымдық берілуде. Бос аумақтарға көшет отырғызу жоспарланған.

Жалпы облыс бойынша 135 гектар аумақта жасыл желек аймақтарын құрып, 450,2 мың ағаш отырғызылмақ. Бүгінгі таңда 46 гектар аумаққа 153,9 мың егілді. Көгалдандыру жұмыстары қараша айына дейін жалғасады.

Сондай-ақ екіайлық аясында «Дүниежүзілік тазалық күні» халықаралық акциясын, мектеп оқушылары арасында «ProEco» экологиялық жобалар байқауын өткізу, Қ.Жұбанов атындағы университетте «ЭкоХаб» ашу және экологиялық арт-инсталляциялар көрмесін ұйымдастыру жоспарланған. Бұдан бөлек, Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай «Мектеп орманшылығы» акциясы өтеді.

Ақтөбе қаласындағы жағдай туралы қала әкімі Азамат Бекет баяндады. Күзгі екіайлықтың алғашқы күнінде қала бойынша тазалық жұмыстарына шамамен 2,5 мың адам мен 27 арнайы техника тартылып, қалалық полигонға 5 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.

Қалада бизнестің қолдауымен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 29 сквер мен бульварды абаттандырылып жатыр. Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында 10 826 ағаш отырғызылды.

Қала әкімі атап өткендей, кәсіпкерлік нысандарына тұрақты мониторинг жүргізіліп, олардың іргелес аумақтары, қасбеттерінің жай-күйі және абаттандыру мен көгалдандыру талаптарының сақталуы тексеріледі. Жыл басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзғандарға қатысты 136 шара қабылданды.

«Таза Қазақстан» платформасы арқылы тұрғындардың өтініштерімен жұмыс та жалғасуда. Жыл басынан бері 157 өтініш келіп түсті, олардың барлығы бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды.

Жиын қорытындысы бойынша Асхат Шахаров қала және аудан әкімдеріне санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін жеке бақылауға алуды, сенбіліктерді жүйелі түрде өткізуді, оларға тұрғындарды, жастарды, кәсіпорындар мен бизнес өкілдерін белсенді тартуды, сондай-ақ жаңа рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Туған өлкені абаттандыру және оның тазалығын сақтау – халықтың денсаулығының кепілі. Санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары тек сенбіліктер кезеңінде ғана емес, тұрақты негізде жүргізілуі маңызды. Көшелердің, аулалардың, қоғамдық кеңістіктер мен ортақ пайдаланылатын аумақтардың жағдайына бақылауды күшейту қажет. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жоюға және олардың қайта пайда болуына жол бермеуге баса назар аудару керек. Бұл жұмысқа тұрғындарды, жастарды, бизнес пен ұйым өкілдерін белсенді тарту қажет. Әрбір елді мекен таза, абаттандырылған әрі халыққа жайлы болуы тиіс», – деді облыс әкімі.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-social/press/news/details/1292210?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version