ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті 59 мемлекеттік органға мониторинг жүргізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылдың сегіз айында Шығыс Қазақстан облысында 95 мемлекеттік қызметшінің еңбек құқықтары қорғалып, оларға жалпы 190 сағат тынығу уақыты берілді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жүргізген мониторинг нәтижесінде жүзеге асырылды.

Аталған кезеңде департамент мамандары 59 мемлекеттік органда жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізді. Негізгі назар мемлекеттік қызметшілердің белгіленген жұмыс уақытынан тыс еңбекке тартылуы, демалыс күндері жұмысқа шығуы және еңбек тәртібінің сақталуына аударылды.

Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын сақтау – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен мемлекеттік органдарда қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелері енгізілуде.

Бұл жүйелер қызметкерлердің жұмысқа келуі мен кету уақытын объективті түрде тіркеуге, жұмыс уақыты режимінің сақталуын бақылауға және артық жұмыс істеу фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Бақылау жүйелері орнатылып, оларды интеграциялау жұмыстары толық аяқталған мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс істеу, жұмысқа кешігу және демалыс күндері жұмысқа шығу фактілерінің төмендеу үрдісі байқалады.

Мониторинг барысында анықталған жағдайлар бойынша мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылданды. Нәтижесінде 95 қызметшіге қосымша 190 сағат тынығу уақыты берілді.

Мамандардың айтуынша, жұмыс уақытын сақтау тек еңбек тәртібін қамтамасыз етумен шектелмейді. Бұл мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тиімділігіне, еңбек өнімділігіне және мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей әсер етеді.

Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және олардың еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы жұмыстар Шығыс Қазақстан облысында тұрақты түрде жалғасын табады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1291931?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version