Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев құрылыс компанияларының басшыларымен кездесіп, өңірдегі инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кездесуге қатысушылармен инвесторларға қолдау көрсету мәселелерін де талқылады.
Аймақтағы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырушы компанияның бірі – испандық «Roca Group». Елімізге санитарлық-техникалық бұйымдар түгелдей шет мемлекеттерден импортталатынын ескерсек, бұл жоба өңір үшін ғана емес, отандық құрылыс индустриясы үшін өте маңызды.
«Мемлекет басшысы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, әсіресе, заманауи өндірістер ашуды тапсырды. Өздеріңізге белгілі, маусым айында испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру зауытының капсуласын салу рәсімі өтті.
Бұл ірі компанияның өңірімізге келуі – бірнеше жылдық еңбектің жемісі. 2024 жылдан бастап сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен инвесторды Қызылорда облысына тарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілді.
Бүгінде инвесторға қолайлы жағдай жасау және жобаны сапалы іске асыру мақсатында компания басшылығымен тұрақты келіссөздер жүргізіліп, нақты жұмыс атқарылуда. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 40 млрд 700 млн теңге, 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Қызылорда облысы – «Roca Group» компаниясының Қазақстандағы жобасын қолдаған алғашқы өңірлердің бірі. Осы ретте компания өнімдерін өңірдегі құрылыс нысандарында кеңінен қолдану және оларды нарыққа шығаруға жағдай жасау бағыты айқындалған.
Компания биыл жазда Алматы қаласында Орталық Азиядағы алғашқы шоу-румын ашты. Сонымен қатар Алматы және Астана қалаларында өнімдерді сақтауға арналған қоймалары бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-saulet/press/news/details/1291855?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау