Республикалық Киберқауіпсіздік айы аясында Қызылорда қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында «Киберай: цифрлық қауіпсіздікке қадам» өңірлік форум-семинары өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің қолдауымен және Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Форумның негізгі мақсаты – азаматтардың киберқауіпсіздік саласындағы хабардарлығын арттыру, дербес деректерді қорғау мәдениетін қалыптастыру, интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын дамыту. Іс-шара сала мамандарының кәсіби құзыретін жетілдіруге бағытталды.
Форум барысында киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, цифрлық гигиена және интернет-алаяқтықтан сақтану мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушыларға цифрлық ортадағы негізгі қауіптер, олардан қорғану тәсілдері және дербес ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсынымдар берілді. Жиын соңында сұрақ-жауап сессиясы өткізіліп, сала мамандарына арналған воркшоп ұйымдастырылды.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің, IT-саланың, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері өз бағыттары бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Форум-семинарға 120-дан астам адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, IT-мамандар және цифрлық қауіпсіздік мәселесіне қызығушылық танытқан азаматтар болды.
Кибермәдениет айы аясындағы атқарылып жатқан жұмыстар форуммен ғана шектелмейді. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес қыркүйек айы елімізде Кибермәдениет айы болып белгіленіп, оның шеңберінде халықтың киберқауіпсіздік саласындағы сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда облысында да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Қала және аудан орталықтарындағы LED экрандарда, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарында киберқауіпсіздікке арналған бейнероликтер тұрақты көрсетіліп, тұрғындарға интернет-алаяқтықтың алдын алу, дербес деректерді қорғау және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету бойынша ақпараттық материалдар ұсынылуда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттырып, интернеттегі қауіптерден сақтану және дербес деректерді қорғау дағдыларын қалыптастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/cifrovizaciya-kyzylorda/press/news/details/1292177?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау