Ақмола облысында «Оқжетпес» жаңа әйелдер волейбол командасы таныстырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Көкшетауда «Оқжетпес» жаңа әйелдер волейбол командасының таныстырылымы өтті. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Клуб құрамына 14 спортшы енді. Команда сапында ақмолалық волейболшылармен қатар, еліміздің басқа өңірлерінен іріктеуден өткен спортшылар да бар.

Өңірде спортшыларды даярлаудың балалар-жасөспірімдер спортынан бастап жоғары жетістіктер спортына дейінгі біртұтас жүйесі қалыптасып келеді. Бұл бағытта облысты республикалық және халықаралық аренада таныстыратын кәсіби командаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – дені сау ұрпақ тәрбиелеп, ұлт денсаулығын нығайтудың маңызды шарты екенін атап өтеді. Өңірде балалардың, жастардың және ересектердің спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалуда. Сонымен қатар облысымыз ұлттық құрамаларды халықаралық жарыстарға даярлайтын маңызды алаңға айналып келеді.

Өңірдің жоғары спорттық әлеуетін кәсіби командалардың нәтижелері де көрсетіп отыр. «Оқжетпес» әйелдер баскетбол командасының сегіз ойыншысы XX Азия ойындарына қатысады. Ал ерлер волейбол командасы Қазақстан кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды. Бүгін әйелдер волейбол командасын таныстырып, тағы бір маңызды қадам жасадық. Бұл команда да облысымыздың мақтанышына айналады деп сенемін», – деді Марат Ахметжанов.

«Оқжетпестің» бас бапкері болып Тимур Джарлагасов тағайындалды. Ол – отандық клубтар мен жастар командаларында тәжірибе жинақтаған маман, сондай-ақ Қазақстан әйелдер құрамасының U-18 бас бапкері.

Команданы жасақтау жұмыстары тамыз айында басталды. Іріктеуге еліміздің әр өңірінен ойыншылар шақырылды. Спортшыларды таңдауда олардың нәтижелері, ойын шеберлігі мен тәжірибесі ескерілді.

«Команданы жасақтауға үлкен мән беріп, бірнеше кезең бойынша іріктеу жүргіздік. Әртүрлі облыстардан ойыншылар шақырылып, қорытынды құрам олардың спорттық көрсеткіштері мен ойын деңгейіне қарай анықталды. Қазір де команданы күшейте алатын ойыншыларды қарастырып жатырмыз.

Алдымызға Жоғары лигада бірінші орын алу міндетін қойдық. Бірінші тур қараша айында өтеді. Басты мақсатымыз – Қазақстанның үздік ойыншылары өнер көрсететін Ұлттық лигаға жолдама алу», – деді бас бапкер.

Жаңа команда үшін алғашқы сынақ әйелдер командалары арасындағы ҚР кубогының алдын ала кезеңі болды. Жарыстар 15-20 қыркүйек аралығында Kokshe Arena спорт кешенінде жеті команданың қатысуымен өтуде. Кезең қорытындысы бойынша екі команда желтоқсан айында өтетін Кубоктың финалдық кезеңіне жолдама алады.

«Оқжетпес» волейболшысы Мерей Мақсот командаға жасалған жағдайларға жоғары баға беріп, өңір тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды атап өтті.

«Біз үшін сапалы дайындыққа барлық жағдайдың жасалғаны маңызды. Командаға көрсетіліп отырған қолдауды сезініп отырмыз және өзімізге жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеміз. Қазір басты міндетіміз – жарыстарда жақсы нәтиже көрсету. Күн сайын жаттығып, алдағы ойындарға дайындалып жатырмыз», – деді Мерей.

Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазір Инклюзивті спорт орталығы мен УЕФА-ның IV санат талаптарына сәйкес келетін, 12 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы жүргізілуде. 2027 жылдан бастап Щучинск қаласында қысқы спорт түрлеріне арналған заманауи инфрақұрылым құру жоспарлануда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1293076?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version