Брюссель, 2026 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Брюссель қаласының мэрі Филипп Клозбен кездесіп, Астана мен Бельгия астанасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Тараптар туризм, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт, қалалардың орнықты дамуы, сондай-ақ қала әкімшіліктері арасында тәжірибе және озық практикалар алмасу секілді өзара іс-қимылдың кең ауқымды бағыттарын қарастырды.
«Брюссель – Еуропаның саяси жүрегі әрі халықаралық ықпалдастықтың аса маңызды орталығы. Біз екі астана арасындағы практикалық байланыстарды дамытуға және екі қаланың тұрғындарына нақты пайда әкелетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді Роман Василенко.
Филипп Клоз Қазақстанның Брюссельдегі мәдени қатысуын кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдап, Қазақстанға қаланың жыл сайынғы басты қысқы іс-шараларының біріне серіктес ретінде қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл Брюссель тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанмен және оның мәдениетімен кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тараптар Астана мен Брюссель арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға және екі ел азаматтары арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететін жаңа қалалық және қоғамдық бастамалар жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға алдағы Мемлекеттік сапары да сөз болды. Сапар екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды кезең болып, практикалық ынтымақтастыққа қосымша серпін береді деп күтілуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Брюссель арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растап, талқыланған бастамаларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Фото: Брюссель қаласының мэриясы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1292393?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау