Елордадағы Сарайшық ауданында Отбасы апталығын мерекелеу аясында №73 мектеп-лицейінің оқушылары мен олардың ата-аналарының қатысуымен «Көңілді старттар» форматында отбасылық спорттық жарыстар өтті.
Іс-шара барысында Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері ата-аналармен профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлді. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың интернетте және күнделікті өмірде тап болуы мүмкін қауіп-қатерлер туралы айтып берді.
Ата-аналарға балалардың қызығушылықтары мен араласатын ортасына мұқият көңіл бөлудің, олармен ашық қарым-қатынас орнатудың және мінез-құлқындағы алаңдататын өзгерістерге дер кезінде назар аударудың маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ баланың дұрыс өмірлік бағдарын қалыптастыруда, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауында және жағымсыз ықпалдарға қарсы тұра білуінде отбасының рөлі ерекше екені атап өтілді.
«Профилактика ең алдымен отбасынан басталады. Баланы бақылаумен ғана шектелмей, онымен үнемі диалог құру, оның қызығушылықтары мен араласатын ортасын білу маңызды. Ата-ананың дер кезінде назар аударуы көптеген қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті полиция қызметкерлері.
Астана қаласының Полиция департаменті балалармен, ата-аналармен және педагогтермен профилактикалық жұмысты жалғастыруда. Бұл ретте кәмелетке толмағандар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға және өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән берілуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1292740?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау