Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлік, Бозай, Ошақты және Жамбыл ауылдық округтерінің әкімдерін қабылдап, 2026 жылдың басынан бері атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөніндегі есептерін тыңдады.
Кездесуде бюджет қаражатының игерілуі, салық түсімдері, газдандыру, ауыз сумен қамту, жол құрылысы, абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Бірлік ауылдық округінде ауыз су, газдандыру, өрт сөндіру бекеті мен ветеринариялық пункт құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілсе, Бозайда ауыл шаруашылығын дамыту, зиянкестермен күрес және спорт инфрақұрылымын жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Ошақтыда алты елді мекенді газбен қамту, жол жөндеу және спорт кешенін салу жобалары жүзеге асырылуда. Ал Жамбыл ауылдық округінде Бекбота мен Майда Бозай елді мекендері арасындағы 11 шақырымдық жол жөнделіп, бірқатар көшеге жарықтандыру орнатылды.
— Ауылдардағы әрбір жоба нақты нәтижеге бағытталуы керек. Тұрғындардың көтерген мәселелері назардан тыс қалмай, инфрақұрылымдық жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс. Басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, – деп атап өтті Жәнібек Ағыбаев.
Аудан басшысы ауыл әкімдеріне бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету, тұрғындармен кері байланысты күшейту және елді мекендерді дамыту бойынша жұмыстарды жүйелі жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1292450?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау