Келес ауданы әкімдігі аппаратының мәжіліс залында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңының негізгі талаптарын түсіндіруге арналған жиын өтті.
Маңызды басқосуға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ержан Қарымсақов және Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысты.
Жиынға ауылдық округ әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудандық бөлім басшылары мен орынбасарлары, іс жүргізуші мамандар және аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері қатысты.
Кездесу барысында Ержан Қарымсақов мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заңнаманың негізгі бағыттарына кеңінен тоқталып, Заңда қарастырылған өзгерістер мен жаңашылдықтарды түсіндірді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік әдеп нормаларын сақтау, жауапкершілікті арттыру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту мәселелеріне назар аударды.
Өз кезегінде аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев мемлекеттік қызметші үшін ең басты талап – халық алдындағы жауапкершілік пен кәсібилік екенін атап өтті.
— Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Әрбір мемлекеттік қызметші заң талаптарын сақтап қана қоймай, халықпен ашық әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Тұрғындардың сенімі – мемлекеттік қызмет сапасының басты көрсеткіші. Сондықтан әрқайсымыз өз міндетімізге жауапкершілікпен қарап, қызметтік әдепті қатаң сақтауымыз керек, – деді аудан әкімі.
Жиын соңында қатысушыларға мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңнаманың талаптарын күнделікті қызмет барысында басшылыққа алу қажеттігі айтылды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы 2026 жылғы 19 мамырда қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. Жаңа Заң мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен ашықтығын арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуге және халыққа бағдарланған тиімді мемлекеттік қызмет қалыптастыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1292471?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау