Отбасы күніне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілердің жақындарымен жүздесуіне мүмкіндік берген ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, жазасын өтеушілердің жақындарымен байланысын сақтау және олардың қоғамға қайта бейімделуіне отбасы қолдауы арқылы ықпал ету. Ашық есік күніне келген жазасын өтеушілердің туыстарына мекеменің күнделікті тыныс-тіршілігі таныстырылды. Қонақтар жатын орындарды, жуыну және тамақтану бөлмелерін, кітапхана мен дүкенді аралап көрді. Сондай-ақ жақындарымен еркін әңгімелесіп, пікір алмасты. Мұндай кездесулер жазасын өтеушілерге отбасының қолдауын сезінуге, жақындарымен қарым-қатынасын сақтауға және болашағына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Отбасының қолдауы адамның түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі. Іс-шара соңында жазасын өтеушілердің туыстары мекеме әкімшілігіне ризашылықтарын білдіріп, осындай кездесулердің ұйымдастырылғаны үшін алғыстарын жеткізді. – Әкеме жағдайын білу үшін арнайы келдім. Онымен жүздесіп, сөйлесіп, жағдайын өз көзіммен көргеніме қуандым. Әкемнің жағдайы жақсы екенін көріп, көңілім орнына түсті. Осындай мүмкіндік ұйымдастырған мекеме әкімшілігіне алғысымды білдіремін, – дейді жазасын өтеушінің қызы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiskzl/press/news/details/1292169?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау