1. Сұрақ: Сәйкестік декларациясы дегеніміз не, қарапайым тілмен түсіндіріп өтсеңіз?
Жауап: Сәйкестік декларациясы — бұл салынған объектінің заңнама талаптарына, құрылыс нормаларына және жобалық құжаттамаға сәйкес келетінін растайтын ресми құжат.
Яғни, объектінің қауіпсіз пайдалануға дайын екендігін және барлық белгіленген талаптарға, соның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкес екенін білдіреді.
2. Сұрақ: Неліктен қазіргі таңда бұл мәселеге ерекше назар аударылып отыр?
Жауап: Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануына байланысты құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігі күшейтілуде.
Бүгінде мемлекет құрылыс қарқынына ғана емес, объектілердің сапасына, қауіпсіздігіне және халық үшін қолжетімді болуына баса мән беріп отыр.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Яғни ғимараттар мен нысандар мүгедектігі бар адамдарға, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына, қарттарға және балалы ата-аналарға қолайлы болуы тиіс.
3. Сұрақ: Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменті қандай рөл атқарады?
Жауап: Біздің департамент әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің қолжетімділік талаптарының сақталуын бақылау мәселелеріне қатысады.
Біз объектілерді бейімдеу, кедергісіз орта нормаларын сақтау мәселелерін қараймыз, сондай-ақ түсіндіру және бақылау жұмыстарын жүргіземіз.
Объектілерді пайдалануға беру кезінде қолжетімділік талаптарының тек формалды түрде емес, азаматтардың өз бетінше әрі қауіпсіз қозғалуына нақты мүмкіндік беруі өте маңызды.
4. Сұрақ: Қолжетімділік бөлігінде нақты не тексеріледі?
Жауап: Пандустардың, санитарлық тораптардың, кіреберіс топтарының, лифтілердің, тактильді көрсеткіштердің, қозғалыс жолдарының және қолжетімді орта элементтерінің болуы мен талаптарға сәйкестігі тексеріледі.
Қолжетімділік — бұл жеке бір элемент емес, адамның объектіні еш кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін тұтас жүйе екенін түсіну маңызды.
5. Сұрақ: Егер объект іс жүзінде бейімделмеген болса, сәйкестік декларациясына қол қоюға бола ма?
Жауап: Жоқ. Сәйкестік декларациясы құрылысқа қатысушылар мен объектінің пайдалануға дайын екенін растайтын тұлғалардың жеке жауапкершілігін көздейді.
Егер объект белгіленген талаптарға, оның ішінде қолжетімділік талаптарына сәйкес келмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік шаралары қолданылуы мүмкін.
6. Сұрақ: Жаңа Құрылыс кодексімен қандай өзгерістер енгізілді?
Жауап: Жаңа Құрылыс кодексі құрылыс саласындағы ашықтық, жауапкершілік және сапа қағидаттарын күшейтеді.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар, жобалау ұйымдары, техникалық және авторлық қадағалау арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл нығайтылуда.
Бүгінгі басты мақсат — жай ғана объект салу емес, оның қауіпсіздігін, функционалдығын және халық үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету.
7. Сұрақ: Неліктен қолжетімділік тақырыбы бүгінгі күні аса маңызды?
Жауап: Өйткені қолжетімді орта — бұл өмір сапасының және мемлекет пен қоғамның әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші.
Қазіргі заманғы объект денсаулық жағдайына, жасына немесе қозғалу ерекшеліктеріне қарамастан әрбір адамға қолайлы болуы тиіс.
Бұл тек заң талабы ғана емес, азаматтарға деген құрмет мәселесі.
8. Сұрақ: Құрылыс ұйымдары мен халыққа қандай үндеу айтасыз?
Жауап: Бүгінде қолжетімділік мәселелерін құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінен бастап ескеру өте маңызды.
Талаптар неғұрлым ерте сақталса, объект соғұрлым сапалы, қауіпсіз әрі қолайлы болады.
Біздің ортақ міндетіміз — еліміздің барлық тұрғындары үшін шынайы қолжетімді және жайлы орта қалыптастыру.
https://www.instagram.com/reel/DdWM6H0IfH8/?utm_source=ig_web_copy_link&stkn=MzRlODBiNWFlZA==
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/1292913?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау