Атырау облыстық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Бақыт Қаметовтің төрағалығымен мәслихаттың XXV сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Болат Ақшолақов, депутаттар және басқарма басшылары қатысты. Сессияда 2025 жылғы облыстық бюджеттің орындалысы және тексеру комиссияның соған қатысты есебі тыңдалып, “Таза Қазақстан”тұжырымдамасын іске асыру жоспарын жаңарту, Атырауда қалалық дендросаябақ салу жобасы және сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамын бекіту мәселелері қаралды.
Экономика және қаржы басқармасының басшысы Айгүл Әжіғалиева бюджеттің орындалуы жайында баяндама жасады. 2025 жылы 790,7 млрд теңге бюджет кірісі жоспарланған, орындалғаны — 798,3 млрд. Игерілмеген 473,4 млн теңге республикалық бюджетке қайтарылып, бірнеше жауапты тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Тексеру комиссияның есебіне сәйкес, облыстың жылдық жалпы өңірлік өнімі 16 564,6 млрд теңгені құрады, бюджет түсімдері 100,2%-ға (804,3 млрд теңге) орындалған. Бақылау шараларының қорытындысы негізінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджет түсімдерін жоспарлау сапасын арттыру, бағдарламалардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларға бақылауды күшейту және құрылыстарды аяқтауға жіті көңіл бөлу ұсынылды.
Сессияда Геолог және Атырау-2 шағынаудандарында ауданы 26,75 га дендрологиялық саябақ салу жобасы да қаралды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жантас Оспан мәлімдегендей, қалада жасыл аймақ тапшы (бір тұрғынға шаққанда шамамен 1 м²), ботаникалық бақ пен дендросаябақ жоқ. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі бойынша жүзеге асырылады. Конкурс жеңімпазы —«Atyrau Greenpark» ЖШС. Іске асыру мерзімі — 84 ай.
Болат Ақшолақов сессияда сөз алып, облыстың даму жоспары мен басымдықтарға тоқталды. Процестерді цифрландыру, инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде кәріз жүйелерін, жерасты суларының деңгейін бақылау, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, экологиялық жобаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығын дамыту, инженерлік шешімдерді конкурс процедураларына дейін тексеріп, құрылыс сапасына бақылауды күшейту жұмыстары басты бағыттар ретінде белгіленді.
— Бізге көздеген жоспарларымызды іске асыру үшін депутаттық корпус пен облыс тұрғындарының қолдауы қажет. Алда бірлесе атқаратын ауқымды жұмыс күтіп тұр,— деп атап өтті Болат Ақшолақов.
Сессияда қаралған барлық мәселе депутаттардан қолдау тапты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1293001?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау