МАРФУҒА АЙТХОЖИНАНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ПОЭЗИЯ КЕШІ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақтың «жыр аққуы» атанған көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Марфуға Айтхожинаның туғанына биыл 90 жыл толды. 1936 жылы Құлжа қаласында дүниеге келген ақынның шығармашылық жолы қазақ поэзиясымен біте қайнасып келеді. Оның алғашқы жыр жинағы «Балқұрақ» 1962 жылы жарық көрсе, кейінгі жылдары ақынның көптеген өлеңдер жинағы оқырманға жол тартты.

Осыған орай, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында ақынның шығармашылығына арналған «Жүрек үні – жыр әлемі» атты поэзия кеші өтті. Тағылымды шара ақынның 90 жылдық мерейтойына арналды. Кешке ақын-жазушылар, кітапханашылар және студент жастар мен оқырмандар қатысты.

Шара барысында Марфуға Айтхожинаның өмірі мен шығармашылық жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, ақынның әдеби мұрасы туралы баяндама оқылды. Ақынның сырлы жырлары мен шығармашылығы жайлы айтылған тағылымды әңгіме қатысушыларға қаламгер әлемін тереңірек тануға мүмкіндік берді.

Кештің көркем бөлігінде «Жастардың уақытын тиімді пайдалану» орталығының өнерлі шәкірттері ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, жыр сүйер қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, ақындар арнау өлеңдерін оқып, өнерпаздар ән шашуын ұсынды. Серікбай Байдібектің орындауындағы «Сәйгүлік» әні де кештің мазмұнын аша түсті.⠀

Шара соңында Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының директоры Раушан Бабажанқызы сөз сөйлеп, ақынның шығармашылығының жас ұрпақ үшін маңызына тоқталды. Кешке белсенді қатысып, өнер көрсеткен жастар мен қатысушыларға алғыс білдіріп, арнайы марапаттар табыстады.

– Осындай тағылымды шараға уақыт бөліп, арнайы келгендеріңізге рақмет. Марфуға апамыздың жыр әлемі – кейінгі ұрпаққа қалдырған үлкен мұрасы. Ақынның жолын, өнердегі ізін жастарымызға үлгі етейік. Марфуға апамыздың жолын берсін баршаңызға! – деді кітапхана директоры.⠀

Әдеби кеш ақын шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жастарды поэзияға жақындатып, көркем сөзге деген қызығушылығын арттырған мазмұнды шара болды. Марфуға Айтхожинаның жүректен шыққан жырлары ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, оқырманымен бірге жасай бермек.⠀

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1292904?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version