Қазақстанда қоныс аударған азаматтарға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл көмек тек қаржылай төлемдермен шектелмейді. Азаматтарға жаңа жерде жұмысқа орналасуға, баспана мәселесін шешуге және отбасының ортаға бейімделуіне қажетті қолдау шаралары ұсынылады.
Қандастарға 25 түрлі қызмет көрсетіледі. Олардың қатарында жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, баспана іздеуге және таңдауға көмектесу, жер учаскесін алу, балаларды мектеп пен балабақшаға орналастыру, медициналық және құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ консультациялық қызметтер бар.
Қоныс аударушыларға қаржылай қолдау да қарастырылған. Отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем беріледі. Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге 15-тен 30 АЕК-ке дейін қаржылай көмек көрсетіледі, 1625 АЕК мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификат беріледі.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі қағидаларының бірі – жеке сүйемелдеу. Көші-қон әлеуетін бағалау кезінде адамның және оның отбасының кәсіби білімі мен дағдылары, әлеуметтік жағдайы, білім алуы және жаңа ортаға бейімделу мүмкіндіктері ескеріледі. Осыған қарай әр отбасыға қажет қолдау шаралары айқындалады.
Аталған қолдау шараларын алу үшін Үкімет айқындаған қоныстану өңірлеріне бару қажет. Олардың қатарында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Абай және Ұлытау облыстары бар.
Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты қоныс аудару процесін жүйелі ұйымдастырып, азаматтардың жаңа жерде тұрақтап қалуына жағдай жасау. Бұл ретте адам мен оның отбасына жұмысқа орналасу, тұрмысын реттеу және жаңа ортаға бейімделу кезеңдерінде қажетті қолдау көрсетіледі.
▶️ Қолдау шаралары туралы толығырақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бейнеролигінен біле аласыздар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-lab/press/news/details/1293322?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау