5 қыркүйек – ұлы ұстаз, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бұл күн елімізде Қазақстан халқының Тілдер күні ретінде аталып өтеді.
Осы атаулы күндерге орай Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры Айгүл Ісмақовамен кездесу өтті.
Кездесуде Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқының рухани өміріндегі орны мен ұлттық тілдің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі сөз болды. Ғалым ұлт ұстазының қазақ тіл білімінің негізін қалыптастырудағы еңбегіне, тілдің ғылыми жүйесін қалыптастырған зерттеулеріне, әліпби мен емле мәселесіне қатысты ұстанымдарына тоқталды.
Кездесу барысында ғалымның ағартушылық қызметі мен ел болашағы үшін атқарған қоғамдық жұмыстары да кеңінен қозғалды. Ахмет Байтұрсынұлының тіл, білім және ұлт мәселелерін бір-бірінен бөле қарамай, оларды елдің болашағымен сабақтастыра қарағаны атап өтілді.
Ұлт ұстазының «ұлтқа қызмет ету» ұстанымы бүгінгі күні де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ана тілін құрметтеу, оны дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы тұрғыдан алғанда, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми және қоғамдық мұрасы қазіргі қоғам үшін де маңызды рухани бағдар болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1293182?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау