Алматы облысында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және өңір тұрғындарын сапалы мобильді әрі тұрақты интернетпен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру аясында байланыс операторларымен бірлесіп мобильді байланыс пен интернет сапасына мониторинг жүргізілуде. Оның ішінде шалғай елді мекендер мен автомобиль жолдарының бойындағы аумақтарды байланыспен қамтуға ерекше назар аударылуда.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Купешовтің қатысуымен өткен жұмыс кездесуінде «ақ дақтарды» жою, 4G желісін кеңейту, талшықты-оптикалық инфрақұрылымды дамыту және автомобиль жолдарын мобильді интернетпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Бүгінде облыстағы 353 ауылдық елді мекеннің 279-ы 4G мобильді байланысымен, 189-ы талшықты-оптикалық байланыс желісімен, 12-сі спутниктік байланыспен қамтылған.
Байланысы әлсіз немесе мүлдем жоқ деп танылған 78 «ақ дақтың» 61-і жойылды, қалған 17 елді мекен бойынша жұмыстар жалғасуда.
«Қазақтелеком» АҚ-мен жасалған келісімдер аясында жоспарланған 171 елді мекеннің 13-і жоғары жылдамдықты интернетке қосылды, ал 93 елді мекен «Соңғы миля» жобасына енгізілді.
Сонымен қатар, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелері бойынша 268 елді мекеннің 86-сы 4G желісімен қамтылды. Облыстық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында мобильді интернет сапасын арттыру мақсатында 11 антенна-діңгектік құрылыс орнатылатын орын белгіленді.
Өңір қалаларында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алатау қаласында 28 «ақ дақ» анықталды. Жыл соңына дейін оларды жою, оның ішінде 5 базалық станция орнату жоспарлануда. Қонаев қаласында 9 «ақ дақ» анықталып, оның кемінде 7-еуін «Кар-Тел» операторының жоюы көзделген.
Шалғай ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Мәселен, Алматы облысының Көкпияз ауылы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылды. Нәтижесінде ауылдағы 67 үй, мектеп және фельдшерлік-акушерлік пункт жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді.
Байланыстың басқа түрлері жоқ шалғай елді мекендер үшін спутниктік интернет шешімдері де қолданылуда. 2025 жылы басқа байланыс түрлерімен қамтылмаған ауылдық елді мекендерде 329-дан астам қоғамдық Wi-Fi нүктесі ұйымдастырылды. Жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша жаңа елді мекендерді интернетке қосу жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта 30-дан астам елді мекен желіге қосылды.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту шалғай аумақтардағы тұрғындарды тұрақты байланыспен қамтамасыз етуге, мемлекеттік және басқа да цифрлық қызметтерге қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша проблемалық учаскелерді жою және телекоммуникация саласындағы жоспарланған жобаларды уақтылы іске асыру бойынша алдағы қадамдар айқындалды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-tehnologiya/press/news/details/1293981?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау