Ми қан айналымының бұзылуы – ми тіндеріне қанның жеткізілуі бұзылып, соның салдарынан ми жасушаларына оттегі мен қажетті қоректік заттардың жеткіліксіз түсуімен сипатталатын қауіпті жағдай. Қан айналымы ұзақ уақыт бұзылған кезде ми жасушалары зақымданып, олардың бір бөлігі өліп қалуы мүмкін. Жедел ми қан айналымының бұзылуының ең ауыр түрлерінің бірі – инсульт.
Ми қан айналымының бұзылуы негізінен ишемиялық және геморрагиялық болып екі түрге бөлінеді. Ишемиялық инсульт миға қан жеткізетін тамырдың тромб немесе атеросклеротикалық түйінмен бітелуі салдарынан дамиды. Нәтижесінде қан тамыр арқылы ми тініне жеткілікті мөлшерде жетпей, оттегі тапшылығы пайда болады және зақымдалған аймақтағы ми жасушалары өле бастайды. Ал геморрагиялық инсульт қан тамырының жарылуы нәтижесінде пайда болады. Бұл кезде қан ми тініне немесе оның айналасына құйылып, ми жасушаларының зақымдануына әкеледі.
Ми қан айналымының бұзылуына әртүрлі факторлар себеп болуы мүмкін. Қауіп факторларының қатарына артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, атеросклероз және артық дене салмағы жатады. Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары аурулары, темекі шегу, қозғалыс белсенділігінің төмендігі және дұрыс тамақтанбау да инсульт қаупін арттыратын факторлар болып саналады.
Ми қан айналымының жедел бұзылуы кезінде уақытылы медициналық көмек көрсету аса маңызды. Инсульт белгілері байқалған жағдайда науқасты мүмкіндігінше тез арада медициналық ұйымға жеткізу қажет. Белгілердің басталған уақытын есте сақтау немесе нақтылау дәрігерлер үшін өте маңызды. Ишемиялық инсульттің кейбір жағдайларында аурухана жағдайында қан тамырындағы ұйындыны ерітуге бағытталған тромболитикалық ем немесе қан ағымын қалпына келтіруге арналған эндоваскулярлық тромбэктомия жүргізілуі мүмкін. Бұл емдеу әдістерін қолдану мүмкіндігі науқастың жағдайына, инсульттің түріне және медициналық көмекке қаншалықты ерте жүгінгеніне байланысты анықталады.
Егер науқас медициналық ұйымға кеш жеткізілсе, емдеу зақымданған ми тінінің әрі қарай бұзылуын болдырмауға, асқынулардың алдын алуға және жоғалған функцияларды қалпына келтіруге бағытталады. Қан қысымы мен қандағы глюкоза деңгейін бақылау, дене қызуын реттеу және басқа да қажетті медициналық шаралар дәрігердің бақылауымен жүргізіледі.
Оңалту шараларын ерте бастау да маңызды. Науқастың жағдайына қарай емдік дене шынықтыру, қозғалыс функцияларын қалпына келтіру, жүруді қайта үйрету, сөйлеу қабілетін қалпына келтіру және күнделікті тұрмыстық дағдыларды дамыту бойынша оңалту жүргізіледі. Оңалту үдерісі науқастың жеке жағдайына сәйкес кезең-кезеңімен ұйымдастырылады.
Ең бастысы – инсульт белгілерін байқасаңыз, уақыт жоғалтпай жедел медициналық көмекке жүгіну. Бет асимметриясы, бір қолдың немесе аяқтың әлсіздігі, сөйлеудің бұзылуы, кенеттен көрудің нашарлауы, қатты бас ауруы немесе тепе-теңдіктің бұзылуы байқалса, дереу 103 нөміріне хабарласу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1294173?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау