Атырау, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Атырауда Қазақстанның Мұнай-газ кеңесі PetroCouncil ұйымдастырған және Энергетика министрлігінің қолдауымен өткізілетін мұнай-газ нысандарына техникалық қызмет көрсету жөніндегі IV PetroMaintenance 2026 форумы өз жұмысын бастады. Пленарлық отырысқа Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров қатысты.
Іс-шара барысында вице-министр мұнай-газ саласының даму көрсеткіштеріне тоқталды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 99,6 млн тоннаны құрап, 13,5%-ға өсті. Газ өндіру көлемі 68,2 млрд текше метрге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 15,6%-ға артты. Өндіріс көлемінің ұлғаюы қолданыстағы активтердің жабдықтарының сенімділігіне, өнеркәсіптік қауіпсіздікке және техникалық қызмет көрсету сапасына қойылатын талаптарды тікелей арттыратыны атап өтілді.
«Энергетика министрлігінің негізгі басымдықтарының бірі – ел ішіндегі құндылықты дамыту және қазақстандық сервистік ұйымдарды қолдау. Ірі мұнай-газ жобаларының операторларымен бірлесіп, министрлік отандық тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге ұзақ мерзімді сұраныс қалыптастыру, жергілікті қамтуды дамытудың бесжылдық бағдарламаларын енгізу және офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ ТОО «PSA»-мен бірлесіп инженерлік қызметтерді оқшаулауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте жобалық шешімдер бастапқы кезеңнен-ақ қазақстандық өндірушілердің мүмкіндіктерін ескеретін болады», – деп атап өтті Ерлан Акбаров.
Форум жұмысына KAZENERGY қауымдастығының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің», жергілікті атқарушы органдардың, «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz ұлттық компанияларының, ірі жобалардың операторлары – NCOC, «Теңізшевройл», «Силлено», «ҚМГ ПетроКем» компанияларының, сондай-ақ отандық және халықаралық инжинирингтік және сервистік кәсіпорындардың өкілдері қатысуда.
Форумның іскерлік бағдарламасы мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы кәсіпорындарындағы техникалық қызмет көрсету және жөндеу (ТҚКжЖ) тиімділігін арттыру мәселелеріне бағытталған. Талқылаудың негізгі тақырыптары қатарында предиктивті аналитикаға көшу, активтердің тұтастығын басқару, жасанды интеллект пен жабдықтардың цифрлық егіздерін қолдану мәселелері бар.
Ірі операторлардың жобаларына қазақстандық бизнестің қатысуын практикалық тұрғыда кеңейту мақсатында PetroMaintenance 2026 аясында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық сервистік компаниялар арасында B2B форматындағы келіссөздер сериясы ұйымдастырылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1294225?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау