Шымкенттің Әл-Фараби ауданында қала әкімінің тұрғындармен көшпелі кездесуі өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков 17-шағынауданынға, City Park саябағына, Молдағұлова көшесіндегі №6 үйдің ауласына және Ескі қалашықтың аумағына барды.
Кездесу барысында тұрғындар мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, кәсіпкерлік нысандарының жұмысы, қараусыз қалған жануарларды аулау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жағдайы, аумақтарды тазалау және қоқыс шығару бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар балалар және спорт алаңдарын жабдықтау мен күтіп-ұстау мәселелері де талқыланды.
Қала әкімі шымкенттіктерді абаттандырылған аумақтарға ұқыпты қарауға, тазалықты сақтауға және балалар мен спорт алаңдарының элементтеріне зақым келтірмеуге шақырды. Бұл нысандар қала тұрғындарының ортақ игілігі болғандықтан, олардың сақталуы, ең алдымен, тұрғындардың жауапкершілігіне де байланысты.
Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, оның ішінде түнгі уақытта тыныштықты қамтамасыз ету және көп қабатты үйлердің аулаларына қосымша бейнебақылау камераларын орнату мәселелері көтерілді.
Бұған қоса, тұрғындар жекелеген ғимараттар мен құрылыстардың заңдылығын тексеруді, сондай-ақ, тұрғын үй ғимараттарының нысаналы мақсатын коммерциялық қызмет жүргізу үшін өзгерту мәселесін қарастыруды сұрады. Кездесу қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға тұрғындардың өтініштерін пысықтап, қажет шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, көшпелі кездесулер аумақтардың жағдайын сол жерде бағалауға, тұрғындардың пікірін тыңдауға және бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1294000?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау