Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Кездесуде қаралған мәселелердің бірі – Есіл және Нұра өзендері бассейндеріндегі су қоры жерлерінде шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде Су кодексі талаптарының сақталуы. Министр Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетіне Есіл және Нұра-Сарысу бассейндік инспекцияларымен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су қорғау аймақтары мен белдеулеріндегі құрылыс салу қағидаларының сақталуына кешенді мониторинг пен талдау жүргізуді тапсырды.
Нұржан Нұржігітов заңсыз құрылыстармен күресуге бағытталған заңнамалық шараларды да еске салды.
«Су нысандарын ластанудан, қоқыстан және сарқылудан қорғау үшін су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленеді. Олардың шегінде шаруашылық қызметті жүзеге асырудың арнайы режимі қолданылады. Су кодексіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 2027 жылғы 10 маусымға дейін елді мекендер шегіндегі су нысандарында су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеуді қамтамасыз етуге тиіс. Бұл шекаралар белгіленгеннен кейін аумақтарды жоспарлау, жер учаскелерін беру және шаруашылық қызметті жүзеге асыру, оның ішінде құрылыс салу кезінде ескерілуі қажет», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Кездесуде Талапкер және Қажымұқан ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын аяқтау, жерасты суының деңгейін реттеу, сондай-ақ жалпы су пайдалану қағидаларына сәйкес су нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар Целиноград ауданының тұрғындары «Алва» лиманды суару жүйесінің бас су құрылыстарын реконструкциялауды ұйымдастырғаны үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғыс білдірді.
Тұрғындармен кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдау қорытындысы бойынша жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1294819?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау