Ақшоқы ауылдық округінде тұрғындар мен мекеме қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, алаяқтықтың алдын алу және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Назар аударыңыз, алаяқтар!» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Шет ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция подполковнигі Амирханов Ернат Нұрахметұлы қатысып, мекеме қызметкерлеріне қазіргі таңда жиі кездесетін алаяқтық түрлері туралы кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында телефон арқылы жасалатын алаяқтық, жалған банк қызметкерлерінің қоңыраулары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі күмәнді хабарламалар, жалған сілтемелер, онлайн саудадағы алаяқтық және жеке мәліметтерді заңсыз иемдену сияқты қауіптерге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, құпия сөздерді, SMS арқылы келетін растау кодтарын бермеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу қажеттігі түсіндірілді. Алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, асықтыру, қорқыту немесе оңай пайдаға қызықтыру арқылы әрекет ететіні айтылды. Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау мен хабарламаға бірден сенбей, ақпаратты ресми арналар арқылы қайта тексеру – қауіпсіздіктің маңызды шарты. Құқықтық сауаттылық пен қырағылық – алаяқтыққа қарсы ең тиімді қорғаныстың бірі. Әр азамат өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, күмәнді жағдайға тап болған кезде тиісті органдарға жүгінгені жөн. Сақтықта қорлық жоқ! Өз деректеріңізді қорғаңыз, күмәнді ұсыныстарға сенбеңіз және жақындарыңызды да алаяқтықтан сақтандырыңыз!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-akshoky/press/news/details/1294556?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау