Абай облысында Үржар ауданының көлік қолжетімділігін қамтамасыз ету және әуе қатынасын дамыту бағытында жұмыстар жалғасуда.
Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 6 ақпандағы №30 «Жергілікті бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жататын «Семей – Үржар – Семей» әуе бағытын айқындау туралы» қаулысына сәйкес, аталған бағыт бойынша жолаушылар мен багажды тұрақты ішкі әуе тасымалдауларына облыстық бюджет қаражаты есебінен субсидиялау жүзеге асырылады.
Субсидияланатын әуе бағыттарына қызмет көрсетуге арналған конкурс Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетімен Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 24 қарашадағы №95 «Субсидияланатын әуе бағыттарына конкурс өткізу және субсидияланатын әуе бағыттарына куәліктер беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес жыл сайын өткізіледі.
2026 жылға арналған конкурс қорытындысы бойынша «Семей – Үржар – Семей» бағыты бойынша тасымалдаушы болып «Оңтүстік аспан» әуекомпаниясы» АҚ айқындалды.
Тұрғындар мен өңір қонақтарына қолайлы жағдай жасау және көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында туристік маусым кезеңінде әуе рейстерінің жиілігі арттырылды. Маусымнан тамыз айына дейін рейстер аптасына 5 рет орындалып, жолаушыларға сұраныс жоғары кезеңде сапарларын жоспарлауға қосымша мүмкіндік берілді. Қалған айларда әуе рейстері тұрақты түрде аптасына 2 рет орындалады. Тасымалдау АН-24 әуе кемесімен жүзеге асырылады. Әуе билетінің құны 17 000 теңгені құрайды.
2026 жылдың 8 айында «Семей – Үржар – Семей» бағыты бойынша 5527 жолаушы тасымалданды.
Үржар ауданының көлік қолжетімділігін одан әрі арттыру, азаматтық авиацияны және ауданның туристік әлеуетін дамыту мақсатында Басқарма тарапынан әуе рейстерінің жиілігін арттыру, сондай-ақ әуе тасымалдаушылармен әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-transport/press/news/details/1294389?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау