Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Ойыл ауданына жұмыс сапары барысында Саралжын ауылдық округіне қарасты Шиқұдық ауылының тұрғындарымен кездесуі өтті.
Шиқұдықта 157 адам тұрады, 24 аула бар. Ауылда фельдшерлік пункт, мектеп және ауылдық клуб жұмыс істейді. Балалар ойын және спорт алаңдары бар. Былтыр ауылға газ жүргізілді.
Енді тұрғындар үшін маңызды мәселелердің бірі болған сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де шешімін тапты.
Ауылда жалпы ұзындығы шамамен 5,6 шақырымды құрайтын су құбыры желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Құбырларды төсеу жұмыстары толық аяқталған. Нысанның дайындық деңгейі – 85%. Қазіргі таңда мамандар аумақты абаттандыру және жүйені іске қосуға дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Жұмыс күші жеткілікті, қажетті техниканың барлығы бар. Электр монтаждау жұмыстары толық аяқталды, абаттандыру жұмыстары шамамен 50 пайызға орындалды. Негізгі жабдық жеткізілгеннен кейін ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз етеміз», – деді «Аймар Строй Сервис» ЖШС директоры Думан Жалғасбаев.
Мердігер қалған жұмыстарды бір ай ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Жергілікті тұрғын, «Жайық» шаруа қожалығының басшысы Айдын Жайықов соңғы жылдары ауылда елеулі өзгерістер болып жатқанын тілге тиек етті.
«2024 жылы облыс әкімі ауылымызға келген еді. Содан бері ауылда өзгерістер болды. Біріншіден, бізге газ келді. Қазір су құбыры салынып жатыр, оны бір ай ішінде іске қосамыз деп отыр. Ең өзекті мәселе – жол болатын. Қазір бұл мәселе де шешіліп жатыр. Биыл жолдың бір бөлігін жөндеу жұмыстары аяқталады деп үміттенеміз», – деді ол.
Айдын Жайықовтың айтуынша, тұрғындар ауылдың одан әрі дамуын ең алдымен инфрақұрылымның жақсаруымен байланыстырады. Шиқұдықта жастар мен балалар жеткілікті, ал жергілікті тұрғындар өз шаруашылығын дамытып, ауылда қалуға ниетті.
«Мен Шиқұдықта туып-өстім. Өзімнің шаруа қожалығым бар, әйелім мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, бес баламыз бар. Бұл ауылдан көшіп кетуді жоспарлап отырған жоқпыз. Қолымыздан келгенше ауылды дамытуға үлес қосамыз», – деді Айдын Жайықов.
Ол сондай-ақ 2024 жылы болған су тасқынынан кейін бөгетті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.
Шиқұдықта сумен жабдықтау және жол құрылысы саласындағы жобалардың жүзеге асырылуы тұрғындардың күнделікті тұрмыс жағдайын жақсартып, ауылдың одан әрі дамуына қосымша мүмкіндіктер береді.
«Былтырғы жылы ауылға газ келді, қазір су құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар. Келесі маңызды мәселе – жол. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар тек инфрақұрылым салумен шектеліп қалмауымыз керек. Мұнда жас отбасылар, балалар, еңбек етіп, шаруашылық жүргізіп отырған тұрғындар бар. Сондықтан олардың болашағын туған ауылымен байланыстыруына жағдай жасау қажет. Ол үшін әлеуметтік нысандарды, абаттандыруды, жұмыспен қамтуды және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету керек.
Басталған барлық жоба сапа талаптары мен белгіленген мерзімдер сақтала отырып, соңына дейін жеткізілуі тиіс. Біздің міндетіміз – Шиқұдық тұрғындарының нақты өзгерістерді көріп, өз ауылында жайлы өмір сүріп, еңбек етуіне жағдай жасау», – деді облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1294786?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау