ШҚО-да 36 жүргізуші өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды
Көлік жүргізу құқығынан айыру қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға тиіс. Алайда жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған 56 адамның масаң күйде көлік тізгіндегені анықталды.
Қайталанған заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер қозғалды. Оның ішінде 36 қылмыстық іс бойынша сот айыптау үкімдерін шығарды. Жүргізушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылды.
Мұндай әрекет үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабында жауапкершілік көзделген. Заң бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылған адамның масаң күйде көлік тізгіндегені үшін жаза белгілейді.
Бұл талаптар тек автокөліктерге ғана қатысты емес. 2025 жылғы 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдары санатына жатқызылып, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Сондықтан мопед тізгіндеген азаматтарға да масаң күйде жүруге байланысты заңнамада көзделген жауапкершілік қолданылады.
Осылайша, жүргізуші куәлігінен айырылғаннан кейін масаң күйде қайтадан көлік тізгіндеу қылмыстық жауапкершілікке және көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылуға әкеп соғуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға және масаң күйде рөлге отырмауға шақырады. Бұл талаптар жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын аман алып қалуға мүмкіндік береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1294609?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау