Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған екі күндік KitapFest кітап жәрмеңкесі аяқталды. Арбатта өткен іс-шараға 50 мыңнан астам адам қатысты.
Биыл жәрмеңкеге 60-тан астам отандық баспа қатысты. Екі күн ішінде келушілер түрлі жанрдағы 15 мыңнан астам кітап сатып алды.
KitapFest аясында авторлармен кездесулер мен қолтаңба беру сессиясы өтті. Ақберен Елгезек, Мирас Кесебаев, Санжар Керімбай, Бақытжан Бұқарбай және басқа да авторлар кітаптарын таныстырды.
Арнайы алаңда жазушылармен, әдебиеттанушылармен және баспа саласының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды. Қатысушылар қатарында «SEN» және «MEN» кітаптарының авторы Азамат Скаков, жазушы Жалғас Қазыбек, тарихшы Сейілбек Мырзабай және Steppe world баспасының директоры Раиса Қадырқызы болды. Келушілер оларға сұрақ қойып, әдебиет, кітап оқу және шығармашылық тақырыптарын талқылауға мүмкіндік алды.
Бағдарлама концерттік қойылымдармен және дәстүрлі әндермен толықты.
«Мен KitapFest-ке осымен үшінші жыл қатысып жүрмін. Бүгін де жәрмеңкеге арнайы келдім. Бірнеше автордың жаңа кітаптарын сатып алып, көптен бері іздеп жүрген шығармаларымды таптым. Әсіресе, сүйікті авторымның қолтаңбасы қойылған кітапты алғаныма қуаныштымын. Жыл өткен сайын келушілер саны артып келе жатқанын байқаймын», – деді Алматы тұрғыны Дана Үсенхан.
Екі күн бойы KitapFest бір алаңда оқырмандарды, баспаларды және авторларды тоғыстырып, Қала күніне арналған бағдарламаның мәдени іс-шараларының біріне айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/press/news/details/1294966?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау