Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды түнгі рейд өтті. Полиция қызметкерлері мотокөлік құралдарына, оның ішінде мотоциклдер мен мопедтерге, сондай-ақ түнгі уақытта жиі кездесетін жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілеріне ерекше назар аударды.
Рейдке жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінің, патрульдік полицияның және аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерінен 10 мобильді топ жұмылдырылды.
Рейд барысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың барлығы 544 дерегі анықталды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде көлікті мас күйінде басқарудың 18 фактісі бар. Маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін 46 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Жеті жағдайда жол қозғалысына қауіп төндіретін жағдай жасау фактісі тіркелді.
Мотокөлік құралдарына ерекше назар аударылды. 13 мопед пен 5 мотоцикл арнайы мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Бұдан бөлек, көшелерден кикшеринг компанияларына тиесілі 58 электросамокат алынды.
«Жол қозғалысының қауіпсіздігі тәулік уақытына байланысты болмауы керек. Әсіресе түнгі уақытта кейбір жүргізушілер жылдамдықты асырып, қауіпті маневрлер жасап, көлікті мас күйінде басқарып немесе белгіленген талаптарды бұза отырып көлік құралдарын пайдалануға жол береді. Сондықтан бақылауды түнгі уақытта күшейттік. Біздің басты міндетіміз – жолдағы қауіпті әрекеттердің алдын алып, жол-көлік оқиғаларына жол бермеу», – деп атап өтті Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев.
Полицияның мәліметінше, мұндай рейдтік іс-шаралар жалғасады. Азаматтардан шағымдар түсетін орындарға, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-almaty/press/news/details/1294954?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау