Бүгін Алматыда Қала күнін атап өтудің алғашқы күні өтті. Қаланың түрлі алаңдарында ұйымдастырылған концерттерге, фестивальдерге, көрмелерге, спорттық және шығармашылық жобаларға 500 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы қалалық Мәдениет басқармасының өкілдері айтты.
Негізгі іс-шаралар Абай және «Астана» алаңында, Панфилов және Жібек жолы жүргінші көшелерінде, сондай-ақ қаланың барлық сегіз ауданында өтті.
Абай алаңы
Бағдарлама Алматы әкімінің қатысуымен өткен салтанатты концерттен басталды. Дархан Сатыбалды алматылықтарды Қала күнімен құттықтап, қаланың дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Одан кейін көрермендер алдында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Қазақ мемлекеттік циркінің артистері, ASU ұжымы және «Алатау» дәстүрлі өнер театры өнер көрсетті. Кешті пианист Ratovich пен NE PROSTO ORCHESTRA қорытындылады.
Күні бойы мұнда «Алма аймағы», «Шеберлер қалашығы», AI & ROBOT ZONE тақырыптық аймақтары, крафт ойындар алаңы, балалар аймағы және «Ажарлы Алматы» кәсіби суретшілер байқауы қатысушыларының жұмыстары қойылған көрме жұмыс істеді. Сондай-ақ фуд-корт ұйымдастырылды.
«Астана» алаңы
Мұнда екі ірі концерттік бағдарлама өтті.
Күндіз «Сенім» вокалдық хоры, «Отырар сазы» академиялық оркестрі, «Рабат» ансамблі, «Астра» тобы, Muzart Life және басқа да орындаушылар өнер көрсетті.
Кешке 110 мыңнан астам көрермен жинаған «Almaty Vibes» музыкалық фестивалі өтті. Концерттен бөлек, жұртшылыққа 3D Mapping Show ұсынылды.
Сахнаға Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова, Жандос Қаржаубай және басқа да артистер шықты.
Панфилов және Жібек жолы көшелері
Панфилов көшесінде балалар және этноаймақ, эко- және киноалаң, Digital-аймақ, спорттық кеңістік және фуд-корт орналасты. Негізгі іс-шаралардың бірі дәстүрлі алма жәрмеңкесі болды.
Сауда қатарлары Қазыбек би көшесінің Панфилов көшесі мен Назарбаев даңғылы аралығындағы бөлігінде орналасты. Жәрмеңке сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істеді.
Жібек жолы көшесінде концерттік бағдарлама, қуыршақ театрының қойылымы және шығармашылық жобалар өтті. Сондай-ақ мұнда 60-тан астам баспа мен кітап дүкені қатысқан Kitap Fest кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда дәстүрлі музыканың танымал орындаушылары мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің қатысуымен «Ән мен күйдің бесігі» концерті, сондай-ақ «Jana Lep» концерті өтті. Сахнада Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайбергенов, Еркеш Хасен және басқа да артистер өнер көрсетті.
Алматының барлық ауданында жеке мәдени, спорттық және шығармашылық бағдарлама дайындалды.
Қала күнін атап өту 20 қыркүйекте жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа концерттер, фестивальдер және өзге де қалалық іс-шаралар жоспарланған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/press/news/details/1294933?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау