«Семейді сүю – тарихқа бас ию»: Семейде Қала күні кең көлемде аталып өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Семейде Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында ауқымды гала-концертпен  қорытындыланып жатыр. Биыл қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік бағдарлама «Семейді сүю – тарихқа бас ию» тақырыбында ұйымдастырылып, жеті күнге жалғасты.

Гала-концерттің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли барша семейліктерді Қала күнімен құттықтады.

«Баршаңызды Семей қаласының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Семей – тарихы терең, тағылымы мол, Алаштың астанасы болған ерекше қала. Семейді сүю – тарихқа бас ию. Қазақ мемлекеттігінің  тарихы Семей қаласымен тығыз байланысты. Алаш қайраткерлері осы қалада қызмет етті. Семей – тұңғыштар мекені. Тұңғыштардың барлығы Семей топырағында дүниеге келген. Біз осымен мақтанамыз. Бүгінде Семей қаласы Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында  күннен күнге көркейіп келеді. Биыл облыс орталығындағы 700-ге жуық тұрғын үйге алғаш рет жазда ыстық су берілді. Жүзге жуық көшелер жаңартылып, аулалар абаттандырылып, жолдар жөнделіп, жаңа кейіпке еніп жатыр. «Абайға құрмет» акциясы аясында көптеген мәдениет, спорт нысандары салынуда. Биыл Қала күні алғаш рет кең ауқымда, бір апта көлемінде, жоғары деңгейде атап өтілді. Туған қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, әрбір игі іске қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға алғыс білдіремін», – деді аймақ басшысы.

Қала күніне арналған мерекелік шаралар аясында 20-дан астам мәдени және спорттық іс-шара өтті. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, көрмелер, балалар өнер фестивалі, концерттік бағдарламалар және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бәйге, аударыспақ, арқан тартыс, қол күресі, гір көтеру, жекпе-жек және «Семей батыры» сайыстары қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын дәріптейтін «TUNGI RUN – SEMEY» түнгі жүгіру және ұлттық ойындар арқылы халқымыздың дәстүрі мен рухани құндылықтары кеңінен дәріптелді.

Жеті күнге созылған мерекелік шаралардың қорытындысы ретінде Республика алаңында үлкен Open Air Гала-концерті өтіп жатыр. Сахнада Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, AYREE, Ернар Амандық, сондай-ақ, Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM O-ZONE сынды танымал әншілер өнер көрсетеді. Мерекелік кеш отшашумен түйінделеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1294968?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version