Ішкі істер министрлігі “Заң мен Тәртіп” қағидатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Оның негізі – кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде ден қою және жауапкершілікті қамтамасыз ету.
Полиция кез келген құқық бұзушылықты назарда ұстайды. Атап айтқанда, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, бұзақылық жасау, аулаларда және басқа да қоғамдық орындарда пиротехникалық құралдарды пайдалану фактілері бақылауға алынған.
Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақтарда, аулаларда, кафе, мейрамхана және ойын-сауық орындарының маңында патрульдеу күшейтілді. Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін бейнебақылау камералары белсенді қолданылады. Жаппай бейнебақылау аясында камералар жедел басқару орталықтарына қосылуда. “Қауіпсіз үй” жобасы бойынша учаскелік инспекторлар да ауладағы бейнекамераларға қол жеткізуде.
Жыл басынан бері полиция тыныштықты бұзудың 79 мың фактісінің жолын кесті (ӘҚБтК-нің 437-бабы). Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп. Елді мекендерде пиротехникалық құралдарды пайдаланғаны үшін 269 құқық бұзушылықтың жолы кесілді (ӘҚБтК-нің 436-бабы). Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Егер тыныштықты бұзу бұзақылық әрекеттермен қатар жүрсе, кінәлі тұлғалар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылады (ӘҚБтК-нің 434-бабы).
Кәсіпкерлермен де жеке жұмыс жүргізілуде. Тыныштықты бұзу фактілері бойынша учаскелік инспекторлар осындай құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында кәсіпкерлік субъектілерінің атына сегіз мыңнан астам ұсыну енгізді.
Жұмыс тек құқық бұзушылықтардың жолын кесумен шектелмей, олардың алдын алуға да бағытталған. Алты мыңнан астам учаскелік инспектор шағын аудандар мен тұрғын үй кешендері тұрғындарының чаттарына қосылған. Бұл азаматтардың өтініштерін жедел көруге, құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға және заң талаптарын түсіндіруге мүмкіндік береді.
ІІМ-нің ұстанымы айқын: қоғамдық тәртіпті бұзудың бірде-бір фактісі назардан тыс қалмауы тиіс. Заң баршаға ортақ, ал тәртіп айналадағы адамдардың құқықтарын құрметтеуден басталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1294960?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау