Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар және құрылыс басқармасы тарапынан салынып жатқан құрылыс нысандарының мәселелері қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережим арқылы қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков және облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Медет Тәтенов баяндады.
Абай облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, бағаны тұрақтандырудың мемлекеттік тетіктері іске асырылып келеді. 16 қыркүйектегі жағдай бойынша облыстағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 99,8 пайызды құрады. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 102,2 пайызды көрсетті. Бірқатар өнімдердің бағасы төмендеді. Атап айтқанда, пияз – 9 пайызға, сәбіз – 10 пайызға, картоп – 8,7 пайызға, алма – 3,2 пайызға арзандады.
Бағаны тұрақтандыру мақсатында сауда желілерімен үшжақты меморандумдар жасалып, әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемақысын 10 пайызға дейін сақтау және отандық өнім үлесін арттыру бойынша міндеттемелер белгіленді.
«Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан азық-түлік қорларын алдын ала қалыптастыру жұмысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта өңірде маусымаралық кезеңге арналған 2,4 мың тоннадан астам картоп, 699 тонна сәбіз, 584 тонна қырыққабат және 454 тонна пияз қоры бар.
Сонымен қатар, халықты қолжетімді бағамен нан және жұмыртқамен қамтамасыз ету бойынша келісімдер жасалды. Халыққа қолжетімді бағадағы өнімдерді ұсыну мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылуда. 19 қыркүйекте өткен «Дала дәмі» акциясы аясындағы жәрмеңкеде тұрғындарға нарықтық бағадан төмен бағада 5 тоннаға жуық азық-түлік өнімі сатылды.
Бүгінде «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты 16 әлеуметтік павильон бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда.
Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне және жауапты басқармаларға азық-түлік бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Бұл бағыттағы жұмысты тек мониторингпен шектемеуіміз қажет. Әсіресе, баға өсімі байқалған тауарлар бойынша нақты себептерді анықтап, делдалдық тізбекті қысқарту, тауар қорларын уақтылы толықтыру және халыққа қолжетімді бағаны қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда болуы тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік павильондардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуге және пайдаланылмай тұрған сауда нүктелерін қайта іске қосуға ерекше назар аудару қажет. Басты міндет – бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, маусымаралық кезеңде азық-түлік қорын жеткілікті деңгейде қалыптастыру және халыққа қолжетімді бағаны қамтамасыз ету», – деді Берік Уәли.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1295317?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау