Павлодарда қоқыс өңдеу зауытының бірінші кезеңі – жылына 150 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын орталық іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Кәсіпорын өңірдің экологиялық инфрақұрылымының негізгі нысандарының біріне айналады. Зауыттың бірінші кезеңін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов іске қосты.

Өңір басшысы кәсіпорынның іске қосылуы экологиялық жүктемені азайтуға және қайталама ресурстарды шаруашылық айналымға қайтаруды көздейтін айналмалы экономика қағидаттарын енгізуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін дамытып, оларды қайта өңдеу көлемін арттыру міндетін қойып отыр. Бүгін Павлодарда облысымыздағы алғашқы толыққанды автоматтандырылған сұрыптау кешенін іске қостық. Бұл бағыттағы жұмыс мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын қайта жаңғыртуды жалғастырып, Екібастұз бен Ақсу қалаларында, ірі ауылдар мен аудан орталықтарында қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуды жоспарлап отырмыз, – деді Асайын Байханов.

Жаңа кешен жылына 150 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға мүмкіндік береді. Жоба қалдықтардың жалпы ағынынан пластик, қағаз, картон, шыны, металл, алюминий құтылары және басқа да қайталама шикізат түрлері сияқты пайдалы фракциялардың 30%-ға дейінгі бөлігін бөліп алуды көздейді. Бұл көмуге жіберілетін қалдықтардың көлемін азайтып, полигондарға түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Жоба Павлодардың орталық өнеркәсіптік ауданында жүзеге асырылды. Бүгінде қаладан жылына шамамен 110 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Қаладағы барлық қалдықтарды осы сұрыптау желісіне бағыттау жоспарланып отыр.

Жекелеген бағыттың бірі – органикалық қалдықтарды қайта өңдеу. Жылына шамамен 60 мың тонна органикалық қалдықты компосттау әдісімен өңдеп, қаланы абаттандыру және көгалдандыруға пайдаланылатын техникалық топырақ алу жоспарлануда.

Алдағы уақытта кәсіпорынның қуатын кеңейту жоспарлануда. Келесі кезеңде қайталама шикізаттың жекелеген түрлерін қайта өңдеу қуаттарын дамыту және дайын өнім өндіру көзделіп отыр. Оның ішінде өңделген компоненттерді пайдалана отырып, жиектастар мен жаяу жүргіншілер жолдарына арналған материалдар шығару қарастырылуда.

Жобаның жалпы құны шамамен 5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2,5 млрд теңге өнеркәсіпті дамыту қорынан қарызға алынған, ал 2,5 млрд теңге – инвестордың өз қаражаты.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1295298?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version