30 жылдан астам еңбек өтілі: Татьяна Олейникова жас мамандарға тәжірибесін үйретіп келеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Еңбек күні қарсаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұзақ жылдар бойы еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген қазақстандықтардың еңбек жолын таныстыруды жалғастырып келеді.

Солардың бірі – Өскемен қаласының тұрғыны Татьяна Олейникова. Оның еңбек жолы 30 жылдан астам уақыттан бері қалалық трамвай паркімен байланысты. Татьяна мұнда 1995 жылы кондуктор болып жұмысқа орналасқан. Ал 2002 жылы трамвай жүргізушісі куәлігін алған.

Қазір ол қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизор болып жұмыс істейді. Сонымен қатар жас мамандарға өзінің көп жылғы тәжірибесін үйретіп келеді.

Татьяна үшін тәлімгерлік жұмыстың ерекше бағыты саналады. Жетекшілігімен болашақ трамвай жүргізушілері тәжірибеден өтеді. Олар вагонның құрылысын үйреніп, трамвайды басқаруды меңгереді. Сондай-ақ желіде түрлі жағдайға тап болған кезде дұрыс шешім қабылдауға дайындалады.

«Әр адамның мінезі әртүрлі. Сондықтан әрқайсысына жеке тәсіл қажет. Біз оларға тек трамвай жүргізуді ғана үйретпейміз. Жүргізуші техниканы жақсы білуі және кез келген жағдайда не істеу керегін түсінуі маңызды. Мен шәкірттерімнің қорықпай, қандай жағдай болса да сабыр сақтай алғанын қалаймын. Жүргізуші дүрбелеңге берілмесе, туындаған мәселенің шешімін таба алады», – дейді Татьяна Олейникова.

Жас жүргізушілер куәлік алғаннан кейін де тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен тағылымдамадан өтеді. Қажетті тәжірибе жинақтаған соң ғана өздігінен жұмыс істеуге кіріседі. Татьянадан тәлім алған мамандар қалалық бағыттарға шыққаннан кейін де қажет кезде ұстазынан кеңес сұрап тұрады.

Татьяна Олейникованың көп жылғы еңбегі мен жас мамандарды даярлауға қосқан үлесі биыл лайықты бағасын алды. 2026 жылы ол Шығыс Қазақстан облысында өткен «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Биыл «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңіне жергілікті атқарушы органдардан барлығы 423 өтінім түскен.

«Еңбек жолы» байқауын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылдан бері өткізіп келеді. Байқау еңбек пен жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, тәлімгерлікті дамытуға, еңбек дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған.

Еңбек күніне орай Астанада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен елорда әкімдігі бірлесіп ұйымдастыратын республикалық форум өтеді. Форумның негізгі шараларының бірі – «Еңбек жолы» республикалық байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі. Сонымен қатар жұмысшы мамандық иелеріне мемлекеттік наградалар табысталады.

Татьяна Олейникованың еңбек жолы – кәсіби тәжірибені кейінгі буынға үйретудің жарқын мысалы. Осындай мамандар еңбек дәстүрін сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, күнделікті еңбегімен елдің дамуына үлес қосып келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-astana/press/news/details/1295548?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version