25 қыркүйек күні сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін Keruen Citу ойын-сауық орталығының 3-қабатында Еңбек күніне орай бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.
Іс-шараны Облыстық Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырады.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыс іздеуші және жұмыссыз азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары туралы бір жерден толық ақпарат беру, сондай-ақ өңірдегі жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатып, бос жұмыс орындары бойынша сұхбаттасуға мүмкіндік жасау.
Жәрмеңкеге 20-дан астам кәсіпорындар мен мекемелер қатысып, азаматтарға 180-нен астам бос жұмыс орнын ұсынады.
Іс-шараға қатысатын жұмыс берушілер қатарында, «Ақбөбек» оңалту орталығы, «Сымбат мектеп-интернаты» ЖШС, «Даришева А.У. жеке кәсіпкер, «Тілашар» оқу орталығы, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, «Happy Home» клинингтік компаниясы, ҚР ІІМ М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, «Ramazan Qus» ЖШС және басқа да мекемелер мен ұйымдар бар.
Жәрмеңке барысында мейірбике, көркем еңбек пәнінің мұғалімі (ұл балаларға), терапевт дәрігер, дерматолог, жекеменшік клиника әкімшісі, косметолог, қаржылық қамтамасыз ету тобының бухгалтері, жүргізуші және басқа да жұмысшы мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады.
Сонымен қатар, іс-шара барысында азаматтарға жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жеке кеңестер беріледі. Жұмыс іздеушілер мамандардан өздерін қызықтырған мәселелер бойынша қажетті ақпарат ала алады.
Айта кетейік, азаматтар бос жұмыс орындары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты тұрғылықты жері бойынша Мансап орталықтарынан, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасы порталы арқылы ала алады.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша Электрондық еңбек биржасында білім беру, медицина және фармацевтика, көлік және логистика, өндіріс және басқа да салаларды қамтитын 3 мыңнан астам бос жұмыс орны қолжетімді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1296333?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау